Алматы облысында Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолын салып жатқан жұмысшылар бас көтерді. Үш айдан бері жалақы алмаған 100-ден астам азамат жұмысты тоқтатып, жанайқайын жеткізді. Күнкөріс қиындады деп шулаған жұмысшылар әзірбайжандық компанияның «күнде ертең деген ертегісінен шаршадық» дейді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
"Қаржыдан қысылып, қадіріміз қалмады" деген азаматтар жиналып, базынасын жеткізді.
"Артымда тұрғандардың барлығының несиесі бар. Ауылда тұрамыз. Жағдай бізге де оңай емес. Бұлардың «береміз» деп келе жатқанына үш айдың жүзі болды. «Әне береміз, міне береміз» деп алдап келе жатыр. Ешқандай айлық жоқ", - жүргізуші Есен Әбдікәрімов.
Азаматтар жолды тегістеп, ағаштарды кесіп, жерді асфальт төсеуге дайындаған. Одан қалса, жұмысшыларға арналған жатақхана, асхана мен кеңсе де салыпты. Енді жұмыс қызған шақта мердігер компания қарызды қайтаруға құлықсыз екен. Наразы топ олардың «күнде ертең деген ертегісіне тойып біттік» дейді.
Жалақы бермей жұмысшыларды зар жылатқан шетелдік компания Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының 42 шақырымын салуды өз мойнына алыпты. Алайда қазір құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. «Шыдамның да шегі бар» деген жұмысшылар маңдай тер ақымызды алмайынша, жұмысты бастамаймыз деп отыр.
Нақтырақ айтсақ, әзірбайжандық «Азериншаат» компаниясы Тарғап ауылы мен Жамбыл облысы басталатын аймаққа дейін төрт жолақты тас жол салуы тиіс. Жоспар бойынша жол 2022 жылы пайдалануға берілу керек.
"Бас мердігер жұмысты атқаруға «Азертикинти» мердігер компаниясымен келісім-шартқа отырады. Оларда қаржылық қиындықтар болыпты. Жаңа ғана ақпарат келіп түсті. Бас мердігер қосалқы мердігерге ақша аударыпты. Сондықтан жұмысшылар аптаның соңына дейін айлығын алуы тиіс", - деді «Қазавтожол» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Қуаныш Ескендіров.
Әйткенммен, жалақысын даулаған жұмысшылар құрғақ уәдеге сенуден қалған.«Шыдамның да шегі бар» деген олар прокуратура мен еңбек инспекциясына арыз жазамыз деп тарқасты.