Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Майра Айсина әріптестері мен үкімет назарын балалардың әлеуметтік желіге, ғаламторға және гаджеттерге шектен тыс тәуелділігіне аударды. Мәжілісвумен бұл мәселе бойынша министрліктерге нақты шаралар қолдануды ұсынды. Халық қалаулысы балаларға оқу кезінде смартфон қолдануға тосқауыл қою керек деп санайды, деп хабарлайды Аtr.kz.
Ол өзінің депутаттық сауалын премьер-министрге жолдады. Сауал балалар мен жасөспірімдердің ғаламторға, әлеуметтік желілерге, компьютерлік ойындарға бей-берекет әуестенуіне қатысты. Мұның бәрі адамгершілік пен рухани дамуға қауіп төндіреді.
«Смартфон, планшет пен басқа да сандық техникаға тәуелділіктің артуы, балалардың өз уақытын шектей алмауы әлі қатпаған мидың өзгеріске түсуіне әкеліп соғады, бұл бас-ми жарақатынан кейінгі жағдаймен пара-пар», – деп түсіндірді виртуалды әлемнің әлегін депутат.
Оның сөзінше, әлемнің көптеген елдерінде ақпарат сүзгіден өтеді, оқу орындарында гаджет қолдануға тыйым салынған.
Айсина атап өткендей, Қазақстанда министрліктер мониторинг өткізіп, гаджеттің балаларға зиянын болдырмаудың шараларын алуы керек. Депутаттың сөзінше, Үкімет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдр мен үкіметтік емес сектордың күшін біріктіретін қосымша жүйелік шараларды қолға алуға тиіс. Барлық жұмыс ақпарат жасөспірімдерге жетпес бұрын оны сүзгіден өткізуге бағытталуы керек.
«Соның ішінде, мына мүмкіндіктерді қарастыру қажет:
– жұмыс күндері онлайн ойындарға қолжетімділік мерзімін шектеу, ал, демалыс күндері ойын платформаларындағы қолданушыларды идентификациялау арқылы 16 жасқа дейінгі балаларға шектеу қою;
– жұмыс күндері балалар үшін интернет-кафелердегі видео-ойындарға тыйым салу;
– мектепте оқу кезінде смартфон, планшет ұстауға тыйым салу;
– сайт статистикасын бақылайтын бағдарламаларды жүзеге асыру. Мәселен, ата-аналық қадағалау бағдарламасы баланың желідегі әрекетін бақылауға мүмкіндік береді;
– балаларға арналмаған контентке қолжетімділікті шектейтін қауіпсіз іздеу қызметін қосу;
– электрондық ресурстарды морфологиялық талдау арқылы ғаламтордың теріс әсерінен қорғау деңгейін енгізу және тағы басқа», – деді ол.