Солтүстік Қазақстан облысында балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген 6 мыңға жуық борышкердің ісі сот орындаушыларына берілді. Олардың балалары алдындағы қарызының сомасы 43 миллион теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Надежда – Петропавл қаласының тұрғыны. Жас ана баласын жалғыз тәрбиелеп жатыр. Келіншек үш жыл бұрын сүйіп қосылған күйеуімен бала тумай жатып, жүкті кезінде-ақ ажырасқан. Енді заңды алиментті ала алмай жүр.
«Бір жыл бойы ақша беріп тұрды. Содан кейін екеуміз келісімге тұрып, оның шарттары бойынша мен алименттен бас таруым керек болды. Ол өз тарапынан қойылған талапты орындамай, мені алдап кетті. Кейін мен сот орындаушылардың көмегіне жүгіндім. Сол арқылы бізге алимент төлей бастады. Мәселе ақшада емес қой, баламен араласқанда» - дейді ол.
СҚО-да 6 мыңға жуық әйел сот шешімі бойынша бұрғынғы күйеулерінен алимент алып жүр. Алайда, 270 адам туған балаларына мүлде көмегін көрсетпей келеді. Мамандар оларды жауапқа тарту ісі өте күрделі екендігін айтады. Жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы бірқатар мекемемен әріптестік меморандумдар жасасып, борышкерлерге қатысты түрлі шара қолданып келеді.
«СҚО-да 270 проблемалық алимент төлемеуші анықталған. Олардан қарызды өндіріп алу үшін барлық іс шаралар қолданылады. Мүліктеріне, шоттарына, осы елден шығып кетпеуіне шектеу қойылған. Олар көлік жүргізу құқығынан айрылған. Қашып жүргендеріне іздеу жарияланған», - дейді СҚО бойынша жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Асан Маткәрімов.
Бала алдындағы борышын өтеуден қашатындар арасында әдейі жұмыс істемейтіндер де кездесеті. Осыны сылтау еткен 24 ата-ана Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмысқа орналастырылыған. 2019 жылы 87 алимент төлемеуші әкімшілік жазаға тартылған. Оның 48-і айыппұл төлесе, 39-ы қамауға алынды. Тағы 249 адамның ісі ішкі істер органдарына жіберілген.