Жазасы қатаң режимдегі түрмеге 7 жылға сотталған Шымкент тұрғыны ақырында жазықсыз екендігін дәлелдеп шықты. Есірткі сататын жын-ойнақ орын ұйымдастырды деп айыпталып, тектен-текке түрмеде 4 жыл отырған. Енді ол, өзін ақтап қана қоймай, мемлекеттен өтемақы талап еткен Роман Цойға Қаратау аудандық соты 5 миллион теңге өндіру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК-ға сілтеме жасап.
2015 жылы аса ауыр баппен сотталып, жазасы қатаң режимдегі түрмеге тоғытылған Роман Цой өзінің кінәсіз екенін айтып, адвокаты арқылы түрлі инстанцияға тоқтаусыз хат жазыпты. Ақыры 2019 жылы оны ақтаған сот келтірілген залалды өтеу құқын береді. Сондықтан, нашарлаған денсаулығы мен талқандалған тағдырына 20 миллион теңге талап еткен Роман Цой бес миллионның тым аз екенін айтады. Бірақ, бостандыққа шыққанына шүкір еткен ол ары қарай арыз жазып, өзін түрмеге нақақтан нақақ таққандарға шағым түсірмеймін деп отыр. Десе де, сот барысында жиналған наласын ақтарды.
"Түрмеде денсаулығымнан айрылдым. Мені уайымдаған туыстарым, әсіресе анамның да саулығы сыр берді. Өмірімнің күл-талқаны шықты. Тіпті, сол жылы үйленемін деп жүрген едім. Мен түрмеге түскен соң, қалыңдығым мен бірге дос-жарандарым менен теріс айналып кетті", - деді шағымданушы Роман Цой.