Нұр-Сұлтан қаласындағы Пушкин көшесінен көптеген машиналардың түсіп қалған нөмірлері табылды. Көліктердің нөмірі қардың астына бастырылып, түсіп қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Редакциямызға хабарласқан Бердібек Хабай есімді журналист WhatsApp арқылы мынадай аудиожазба мен сурет жіберді:
"Ассалаумағалейкум, ағайындар! Чатта отырған жігіттер, қыздар! Бұл астанадағы Пушкин көшесі, КамАЗ орталығы жақ, қалың қардың арасынан көліктер өткен кезде нөмірлері түсіп қалған ғой. Көшенің суын арнайы техникалармен сорып жатқанда мына нөмірлер шыққан.
Оны тапқандар бәрін жол шетіндегі қалың қарға қадап-қадап кеткен. Соны желілерге жолдап жатыр. Мүмкін нөмірін жоғалтқан таныстарың көріп қалар. Айта жүріңдер! Әзірге қарды қырып-сырып тастамай тұрғанда, барып осы жерден нөмірлерін алып кетсе болады".
Көлігінің нөмірін жоғалтқандарға септігім тисін деген ниетпен осындай ақпарат таратқан журналист, кеше сол жерден өткен кезде көрген олқылықтарды да айтты.
"Кеше мен Пушкин көшесімен жүріп өткенмін. Ана жерден жүру мүмкін емес. Судың тереңдігі машинаның дөңгелегінен асып, кабинасына кіріп кетіп жатыр. Мына нөмірлер сондай қарбаласта түсіп қалған болып тұр ғой", - дейді ол.