$ 494.87  520.65  4.91

«Ақпарат бұрмалануда» - соққыға жығылған ақсақалдың жары

Теледидардан "қазақтар бәрін қиратты" деп айыптап жатыр, ол дұрыс емес. Сондай жағдайға жеткізгендер кінәлі. Бұл көрші жатқан екі ауылдың бірінші қақтығысы емес, - дейді ол.
Фото: Baq.kz
Фото: Baq.kz

 Қордайда дүнгендер ұрып ауруханаға түскен Төлеген Құдашбаев ақсақалмен тілдесу үшін Алматыдағы көпсалалы қалалық емханаға барған едік. Алайда, ақсақалды ота жасауға алып кеткендіктен оның жары Зура Құдашбаевамен сөйлесудің реті ғана келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Зардап шеккен ақсақалдың жары бастапқыда сөйлескісі келмеді. Себебін сұрағанда, бәрі ақпаратты бұрып, тек қазақтар кінәлі деп беріп жатқанын айтты. 

Теледидардан "қазақтар бәрін қиратты" деп айыптап жатыр, ол дұрыс емес. Сондай жағдайға жеткізгендер кінәлі. Бұл көрші жатқан екі ауылдың бірінші қақтығысы емес, - дейді ол. 

Оның айтуынша, екі ұлы әкесін көлікпен ауруханаға апара жатқан жолда болған. Күйеуім Төлегеннің денсаулығы болмай ауырып жүрген, содан екі ұлы көлікке салып алып, Сортөбедегі емханаға апара жатқанда дүңгендермен төбелесіп қалған. Бұлар үлкен, басты жолмен келе жатқанда біреу екі қолын көтеріп жолға жүгіріп шыққан. Қатты келе жатқан көлік жол жиегіне екпінмен келіп тоқтап, ұлым аналардан "неге тоқтаттың" деп сұраса анау “неге тоқтамайсың” деп ашуланып ұлымның көлігін тепкілеп, алдыңғы нөмірін қиратқан. Сол жерде төбелес болып кетеді, шалым "қойыңдар, тоқтатыңдар"  деп шықса, оны жастау біреуі келіп бүйірден теуіп құлатып, сол жерде тепкінің астына алған. Әлгі сотқарлардың әкесі болу керек, қолында балғасы бар селдір сақалды біреу келіп шалымды ұрған. Содан жамбасқа кіретін ортан жіліктің басы сынып кеткен,  - дейді Зура Құдашбаева. 

Төбелес болған жерге сол маңдағы халық жиналып, полиция келгенде сотқарларды түстеп беру қиынға соққан. 

Бізде негізі мұндай майда-шүйде төбелестер жиі болып тұрады. Оның барлығын басып қоятын. Бұған дейін, немеремді мектепте оқушылар ұрған. Ол сонда сабақ беретін, бір күні кезекшілікте болғанда, дүңген балалары ұрады, оған көмекке келген тағы бір мұғалімді де ұрған. Біраз шу болып, арты "дүрбелеңге ұласпасын" деп оны жылы жауып қойған. Ол ұрғандар да кешірім сұрамады. Көп ұзамай шалымды ұлдарымен ұрды, іле-шала полицейлерге қол көтерді. Осының бәрі сондағы қазақтардың бас көтеруіне әкелді, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол дүңгендер тұратын ауылдың әкімдерін, басшыларын жауапқа тарту керектігін айтады.

Олар халықты тәртіпке шақырып, мұндай жағдайдың алдын алып отыру керек еді. Онда тәртіп орнату керек, өйткені дүнгендер "қазақтардың үйін өртейміз" деп айбат көрсетіп жатыр екен. Сонда жұмыс істейтін туыстарымыз айтып отыр. Сондықтан үкімет бір шара қолдансын, егер олар тыныш өмір сүргісі келмесе, басқа жаққа көшірсін, - дейді Қордай тұрғыны. 

Естеріңізде болса, осыған дейін ақсақалдың денсаулығы жайлы ақпарат жариялаған болатынбыз. Қордай ауданындағы жаппай төбелес салдарынан 11 адам қаза тауып, 40-тан астам жарақат алған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жасаған болатын. Президент қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Ол полиция мен Ұлттық Ұлан бұл жағдайды бақылауға алғанынын айтты.

Қордайдағы төбелестен кейін шекара күзеті күшейтілді.

Жамбыл облысындағы жаппай төбелес бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы да хабарланды.

ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди 7 ақпандағы Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы жаппай төбелестің қалай басталғанын айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары