Қордайдағы қазақтар мен дүңгендердің арасында туындаған түсініспеушіліктерден кейін әлеуметтік желіде түрлі видеолар таралуда. Мәселен, Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазовтың дүңген ұлты өкілдерімен кездесіп, қазақ халқымен ауызбіршілікте болуға шақырған үндеуі желіде желдей есуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақтар мен дүңгендердің бір шаңырақ астында баяғыдан бері мекен етіп келе жатқанын алға тартқан Мәжіліс депутатының сөзінше, жақында болған жағдай "Екі ұлт үшін де ұят" көрінеді.
"Бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуіміз керек. Бізге осы ғана жетіспейді. Қолдың кірі болатын ақша бәрін құртуда, араға от салып, кикілжің туындататын да осы. Барлығымызды ұлтқа дейін бөлуге мәжбүрлеп отыр. Дүңгендер тек осында ғана жүрген жоқ. Астанада да бар. Мекендері - базарлар мен сауда орталықтары. Базарға кірсең, олар дөрекі жауап қайтарады. Бұл не деген масқара!?", - деп орыс тілінде шүлдірлеген депутат арандатушылардың әрекетіне ермеуге шақырды.
Сондай-ақ, ол сонау 1996 жылы дүңген болғаны үшін әлдебіреулерден оңбай таяқ жеп, құлағы жырылып, үсті-басы жараланған сәтін есіне алды. Күрмеліп сөйлейтінінің себебі, соққының астында қалғанының салдарынан екендігін де тілге тиек етті. Десе де, депутат сол кезде жанжалдасып, араздасу әрекетіне бармапты. Өз өмірінен мысал келтіре сөйлеген шенеунік кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертіп, дүңгендерді қазақ халқына құрметпен қарауға шақырды.
"Егер сіздердің әрекеттеріңіз заң бойынша дұрыс болып, қателескен болса, өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді. Артық әңгіменің қажеті жоқ. Өсек айтуды қойыңыздар! Керек болса, тізе бүгуге әзірмін. Өзім қарапайым дүңгеннің бірі ретінде айтайын, қазақ – бауырмал халық. Сондықтан олар туралы жаман ойламаңыздар! Мен қазақ халқы үшін жан беруге әзірмін. Бар тілегім, бір-бірімізге деген сыйластық жоғалмаса екен. Мен сіздерді жақсы көремін. Қателіктер үшін кешірім сұраймын", – деді Ш. Хахазов.
Айтпақшы, Хахазов өзімен телефон арқылы байланысу әрдайым қолжетімді екенін жеткізді. Оған қоса, қызбалыққа салынып, қатты айтқан сөздері үшін сөзін тыңдап тұрғандардан кешірім сұрады.
Мұнымен тоқтамай, "Біз Қазақстанда тұрамыз, біздің басқа барар жер, басар тауымыз жоқ" деп шарасыздығын айтып, ағынан жарылды.