Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан Боткинск ауруханасынан қашып шыққан пациенттің басы дауға қалды. Ол осы әрекеті үшін сотқа тартылуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Rambler.ru-ға сілтеме жасап.
Алла Ильина есімді ару 30 қаңтарда Қытайдан келгендіктен ауруханаға жатқызылған.
Қытайдан оралған бойжеткен тамағы ауырып тұрғандықтан дәрігерге қаралады. Емделушінің сөзінше, дәрігерлер оған "сараптама тапсыру үшін бір күн ауруханада жатып тұру" керек екенін ескерткен. Бірақ, қызды ақ халаттылар күштеп медициналық мекемеде қалдыруға әрекет қылған көрінеді. "Медицина қызметкерлері оның палатасындағы есікті магнитті құлыппен жауып тастапты" деп жазды lenta.ru.
Дәрігерлер Алла Ильинаға қалам-қағаз беріп, ауруханада жатудан бас тарту туралы өтініш жазып беруін сұраған кезде ол әлгі жерден қашып кетіпті. Ол өзі жатқан бөлменің электромагниттік құлпын бұзып, сымдарын үзіп, есікті ашып, сыртқа қарай зытқан.
Енді Санкт-Петербургтің бас санитар дәрігері Алланы қашып кеткені үшін сотқа бермек.