Елорданың халық тығыз орналасқан ауданында көбқабатты пәтер отқа оранып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қызыл жалыннан подъезден 20 азамат эвакуацияланған. Олардың көбі - бала. Ал, ыстан уланған 12 адам шұғыл ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына келген өрт сөндіру көлігі, тазартылмаған қардан аулаға кіре алмай уақыт жоғалтыпты. Тұрғындар "осы олқылықтар болмағанда адам көз жұмбас еді" дейді.
18 пәтерден тұратын подъездің өрттен кейінгі сыйқы осы. Қазір мұндағы тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілген. Ал, кешегі алапат өрт дәл осы пәтерден басталған. Қазір мұнда кіру мүмкін болмады. Себебі, полиция қызметкерлері есікті мөрлеп қойған. Ал, мұндай қазір подъезді қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
45 шаршы метрлік пәтердегі өрт кеше түскі 2-лер шамасында тұтанған. Бірден күш алған тілсіз жау, әп-сәтте бүкіл подъезге тарапты. Ал, оқиға орнына 7 минутта келген өрт сөндіру көлігі тазаланбаған қардың кесірінен аулаға жақындай алмаған. Құтқарушылар құрылғыларын қолдарына алып, жалын шарпыған нысанға жаяу жүгірген көрінеді.
"Өрт сөндірушілер үйдің ауласына кіре алмады. Мына жаққа, жол жиегіне тоқтауға мәжбүр болды. Себебі ауладағы үйілген қар уақытылы тазаланбайды. Ауыр техниканың өзі жиналған ақ ұлпадан ішке өте алмай тұрып қалды. Құтқарушылар қолдарындағы құралдарымен жаяу жүгіруге тура келді. Осы тау болып үйілген қар болмағанда, адам көз жұмбас еді?", - деді оқиға куәгері Виктория Пак.
Өрт кезінде 33 жастағы әйел қаза тапты. Ол далада мамандарды күтпей, пәтерде қалған 3 баласын құтқармаққа ұмтылыпты. Бірақ, төртінші қабаттағы үйіне жеткенімен, ысқа уланып мерт болған. Ал, тұрғындар өрттен кейін, ауланы қардан тазарту жұмыстары қызу жүріп жатқанын айтады. Тіпті түнімен арнайы көліктер ақ ұлпаны тасып әбігерге түскен.
"Бұл жерді түнде қардан жанталасып тазалады. Бұған дейін, аулада жүру мүмкін емес еді. Өрттен кейін, КСК-да жұмысшылар да табыла қалды. Әкімдіктен арнайы техника да келе салды. Қайғылы жағдай болмай тұрып бәрі қайда болды? Өрт сөндіру көлігі қардан өте алмай уақыт жоғалтпағанда, қаза болған әйелді аман алып қалуға болушы еді", - деді оқиға куәгері Нина Степанова.
"Қатты дыбысты естідім. Бір кезде жарылыс болды. Түтіннің қою болғаны соншалық, айнала көрінбей кетті. Балконның өзінде демалу мүмкін емес еді. Өрт кезінде, құтқарушылар келіп тірі жан бар ма деп сұрады. Сол кезде мен "құтқарыңдар" деп айқай салдым. Қызыл жалынға қарамастан, өрт сөндіруші мені аман алып қалды", - деді зардап шегуші Анастасия Мурашко.
Қазір, өрттен зардап шеккен 12 адам ауруханаға жатқызылған. Оның 6-ауы бала. Бір науқастың жағдайы ауыр дейді ақ халаттылар. Беті бері қарау үшін, тиісті ем-дом жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
"Кешегі өрттен клиникалық ауруханаға жедел жәрдеммен 6 адам әкелінді. 4 зардап шеккен азамат күйік бөліміне, бір науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал, бір адам амбулаториялық еммен үйіне жіберілді. Қазір үш науқастың жағдайы орташа, ал, біреуі ауыр халде жатыр", - деді №1 көпбейінді қалалық ауруханасының комбустиология бөлімінің меңгерушісі Павел Кутняков.
Лезде күш алып, 6 қабатты үйге тараған өртті сөндіруге 9 техника мен 31 құтқарушы тартылған. Ал, төтеншеліктер қызыл жалынның тұтану себебін анықтап жатыр. Болжам бойынша, өрт пәтерге газдың көп жиналуынан басталған.:
"Біз келіп жеткен кезде, біздің көргеніміз, жалын сол уақытта коридорды алған. Сол квартирада өрт болып жатқан. Бұл жерде біз екі себеп қойып отырмыз. Оның бірінші себебі газдың көп жиналуынан, хлопок взрыв жарылыс болған деп ойлаймыз. Газдың краны ашық қалған ба сонда? Оның себептері қазір анықталып жатыр. Біздің құтқарушылар бұл үйден 20 адам құтқарылды. Оның 9-ы бала", - деді қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Марғұлан Аманбаев.
Ал ауладағы қарды дер кезінде тазаламаған пәтер иелері кооперативінің өкілдері бұл жөнінде қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Айтуларынша, үйдің маңын ақ ұлпадан аршу жұмыстары қызу жүріп жатқан көрінеді. Оқиғаның жай-жапсарын енді, құзырлы орган анықтайтын болады.