$ 494.87  520.65  4.91

«Сапасыз заңдар мемлекет билігінің беделін түсіреді» - Дариға Назарбаева

Егер барлық мереке және демалыс күндерін есептен алып тастайтын болсақ, онда 3 жұмыс күнінен кейін оны Палата отырысында бірінші оқылымда, ал 3 жұмыс күнінен кейін – екінші оқылымда қарауға мәжбүр болдық.
Фото: senate.parlam.kz
Фото: senate.parlam.kz

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Парламент Палаталарында заң жобаларының қаралу кестесі бойынша кеңес өткізді. Ол заңдардың сапасыздығын сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚР Парламенті Сенатының ресми сайтына сілтеме жасап.

Сенат Төрағасының айтуынша, Үкіметтің Парламентке әкелетін заң жобаларының сапасы да одан кейінгі проблемаға ұласады екен.

«Бір ғана мысалды келтірейін - жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері жөніндегі заң жобасы. 11 қыркүйекте Мәжіліске түсіп, онда үш ай қаралды. Сенатқа 12 желтоқсанда келді. Егер барлық мереке және демалыс күндерін есептен алып тастайтын болсақ, онда 3 жұмыс күнінен кейін оны Палата отырысында бірінші оқылымда, ал 3 жұмыс күнінен кейін – екінші оқылымда қарауға мәжбүр болдық. Осылайша, Сенат осы заң жобасын Сенат отырысында қарау күндерін ескере отырып 8 жұмыс күні ғана қарады. Бұл қалай болғаны? Бұл біздің жұмысымыздағы алшақтықтың бір ғана мысалы», - деді Д.Назарбаева.

Кездесу барысында сондай-ақ заң шығару үдерісіндегі маңызды буын – Үкімет жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссия атап өтілді.

«Сенат қабылданатын заңдардың сапасына өз өкілдері арқылы қандай да бір әсер ету үшін заң жобаларының тұжырымдамаларын бастапқы кезеңде талқылайтын осы комиссияның жұмысына қарқын берді. Осы комиссияның жұмысы туралы ережеге сәйкес, талқыланатын мәселелер бойынша материалдар комиссия мүшелеріне 7 жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс, бірақ олардың мерзімдері жиі бұзылады. Осындай фактілерге жол бермеуге Әділет министрлігінің назарын аударамын», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Сенаторлардың заң жобаларына түзетулер енгізу құқығы талқылаудың жеке саласы болды. Мәселен, сенаторлар жобадағы қайшылықтарды анықтағаннан кейін заң жобасын жақсартатын түзетулерді ұсына бастайды, ал жобаны әзірлеушілер сенаторларға осы қайшылықтардың бәрі түзетілетінін, ол түзетулер келесі заң жобасында ескерілетінін айтып сендіреді, ал бұл заң жобасын мерзімінің шектелуіне байланысты түзетусіз қабылдау қажеттігі айтылады.

«Сенаторлар заң жобасын Мәжіліске ешқашан негізсіз қайтарған емес әрі қайтаруды ұсынбайды да. Сенаторлардың түзетулер енгізуі мен заң жобаларын Мәжіліске қайтаруды жұмыс бабындағы істер процесі ретінде қалыпты қарау керек. Біздің барлық ұсыныстарымыз сайып келгенде заң жобаларының сапасын арттыруға бағытталған. Сапасыз заңдар мемлекет билігінің беделін түсіреді. Әрбір заңның артында орасан зор адамдардың, кәсіпорындардың, бизнестің тағдыры тұр. Бұл өте маңызды мәселе. Үкіметті осы жылға арналған заң жобалары жұмыстарының жоспарын қайта қарауға шақырамын, ол жұмыс істемей тұр», - деді Д.Назарбаева.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары