14.02.2020, 12:20

Діни сарындағы видео таратқаны үшін айыппұл арқалады

Заңды білмеу – жазадан босатпайды.

 Құқық қорғау органдарының мамандары көшеде тегін таратылатын материалдарға жоламауға кеңес береді, деп хабарлайды Azattyq-ruhy.kz.

«Алғашқы діни білім базасы жоқ, өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызды үйренбеген, медресе табалдырығын аттамаған жастар үшін  шетел асып, білім алу – қауіпті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатынсыз, бейресми, өз бетімен оқуға кеткен жастар елімізде тыйым салынған секта өкілдерінің тәлімін алып, деструктивті ағымдардың жетегінде кетіп қалатын болса, ол қоғамға қауіп төндіруі мүмкін», - дейді Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Аян Алыпқашев.

 Діни әдебиет сатуға рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ сауда орындарында сатылатын кітаптарды да алмаған жөн.

«Діни мазмұндағы әдебиет, тағы басқа заттарды сату, тегін тарату, шығару, діни рәсімдерді өткізу талаптарын бұзу – Қазақстан Республикасының заңымен қудаланады. Айыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша діни мазмұндағы материалдар таратқан 10 факті анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандарға 35-тен 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынды. Мәселен, Петропавл тұрғыны әлеуметтік желілердің біріндегі өзінің жеке парақшасына аудио және видео файлдар жүктеген. Аталған факті бойынша материал жиналды. Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен оған 20 АЕК, яғни 127 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – дейді СҚО Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Марат Халимулин.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда Құран мен Библияны интернет арқылы саудалағандар анықталып, айыппұл салынған болатын. Айыпталушылар мұндай әрекеттің  бекітілген талаптарды білместікпен жасалғанын айтып ақталған. Алайда, заңды білмеу – жазадан босатпайды.