$ 494.87  520.65  4.91

Тәжікстан орысша атауы бар елдімекендерді түгел ана тіліне ауыстырды

Тәжікстан үкіметінің қаулысымен елдегі орысша атауы бар соңғы елдімекенге тәжікше атау берілді деп жазады ТАСС агенттігі.

Бұған дейін Чкаловск деп аталып келген қалаға Бустон (Бостандық) деген атау беріліп отыр. Министрлер кабинетінің шығарған осынау қаулысына ел президенті Эмомали Рахмонның өзі қол қойды.

«Қаланың атауын тәжікшелеу - ұлттық құндылықтарды насихаттау, өсіп келе жатқан ұрпаққа елдімекендердің тарихи атауын, ата-баба мәдениетін және Тәжікстанның тәуелсіз ел екенін ұғындыру», — деп жазады жергілікті «Ховар» ақпараттық агенттігі.

Бустон (Чкаловск) - Соғды облысының ірі өнеркәсіптік және мәдени орталығы. Қаланың іргесі 1946 жылы тау-химия комбинатының жанынан шағын ауыл ретінде қаланған. Осы жерде өндірілген уранның көмегімен КСРО ең алғаш рет атом бомбасын жасап шықты. Кеңес заманы кезінде Чкаловск жабық қала болатын.

Айта кетейік, Тәжікстан орысша елдімекендердің атауын өзгертуді екі мыңыншы жылдардың басында бастаған. Ол кезде президент Эмомали Рахмонның бастамасымен Ленинабад облысы Соғды болып жаңа атау алған еді. Сондай-ақ, Ура-төбе қаласы - Истаравшан, Гармскаий ауданы - Рашт болып өзгертілді. 2011 жылы елдегі Пушкин, Ленин, Гагарин, Гоголь көшелері жаппай тәжікше атау ала бастаған болатын.

Тәжікстан тіпті, елдегі тау шыңдарына дейін тәжікше ат беріп отыр. Мәселен, 2006 жылы Ленин мен Революция шыңдары Ибн Сина және Исмтиклоп болып өзгертілген. Ал, 1999 жылы Коммунизм шыңына мемлекет қайраткері Исмаил Сомонидің есімі берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары