18.02.2020, 21:30

«Ә», «ө», «ұ», «ү» әріптерін латынға көшіру қиын: жаңа әліпбиге кирил әріптері енуі мүмкін

Қаріптердің бұл түрімен жазылған сөздер мысалы былай болады екен: «Күләш» деген есім «Kүlәş» деп жазылады.

Қазақ әліпбиінің латын әріптерімен жазылуының тағы бір нұсқасы таныстырылды. Қазақша латын әліпбиінде 4 кирил әріпі болуы мүмкін екен, деп хабарлайды Stan.kz, «Экспресс К» басылымына сілтеме жасап.

«Ә», «ө», «ұ» және «ү» әріптерін латынға көшіру қиын болыпты. Жаңадан құрастырылған әліпбиде 31 әріп болады деп жоспарлануда. Қаріптердің бұл түрімен жазылған сөздер мысалы былай болады екен: «Күләш» деген есім «Kүlәş» деп жазылады.

Бұл нұсқаның сәтсіз екендігін А. Байтұрсынов атындағы тіл институтының мамандары мойындап отыр. Десек те латын әліпбиінің тағы үш түрі бар көрінеді.

Тіл мамандары жоғарыда айтылған әріптерден басқа, «ң» мен «ш» белгілерін де латынға ауыстыру қиынға соғуда екенін жеткізді. Басында «ш» әрпін «sh» деп жазу ұсынылған. Алайда, бұл кезде асхана сөзі ashana (ашана) болып, жазылғанда мағынасын жоғалтады екен. Ал «ң»-ды «ŋ» деп қолмен жазу азаматтар үшін оңай болмауы мүмкін.

Тағы бір атап кетерлік жайт, жаңа әліпбиде ұқсас «ı» және «і» белгілерінің болуы. Үстінде нүктесі жоқ әріп «и» деп оқылса, ал нүктесі бары «ірімшік» сөзіндегі «і» екен. Сол себепті, қаріпті құрастырумен айналысып жүргендер бас әріптің үстінен де нүкте қоюды ұсыныпты.