Әскери бөлімнен қашып кеткен әскери қызметшіні іздеуге қатысты операция аяқталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ІІМ және ҰҚК қызметкерлерінің арнайы жедел тобы атыс қаруын ұрлап, әскери бөлімді тастап кетіп қалған 1995 жылғы Абылай Бағдатұлы Балғынбайды ұстады. Қаруды ұрлауға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 291-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласына таяу жердегі әскери бөлімнен кіші сержант А. Балғынбай бірнеше қару-жарақты алып қашып кеткені хабарланған болатын.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Әуе күштеріне қарсы қорғаныс әскери бөлімінің бірінде келісімшартпен қызмет ететін кіші сержант рота бойынша кезекшіліктен рұқсатсыз кетіп қалған.
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы Арман Садановтың айтуынша, оны ұстауға ішкі істер органдарының күштері жұмылдырылған болатын.
Еске сала кетсек, бүгін Шымкент маңындағы әскери бөлімнен қару асынған жауынгердің кетіп қалғаны жөнінде шұғыл ақпарат жариялаған болатынбыз.