22.02.2020, 14:10

Жанболат Мамай қамауға алынды

Фото: Sputniknews.kz
Бұған дейін Жанболат Мамайға 2017 жылдың қыркүйегінде қашқын банкир Мұхтар Әблязовтың ақшасын заңдастырды деген айып тағылған еді.

Белгілі журналист "Демократиялық партия" бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай мен оның мүдделесі қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оны Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасының қызметкерлері қолға түсірген. 

"21 ақпанда 1988 жылы туған Жанболат Мамай мен 1991 жылы туған Рахматулла Жанболды Алматы облысы Қарасай ауданының ІІБ қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұстады", - деп Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Фото: Tengrinews.kz

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарасай аудандық сотының шешімімен Жанболат Мамай үш тәулікке, ал Жанбол Рахматулла 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. 

Қазір таңда ұсталғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының үшінші бөлігіне сәйкес айып тағылуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жанболат Мамайға 2017 жылдың қыркүйегінде қашқын банкир Мұхтар Әблязовтың ақшасын заңдастырды деген айып тағылған еді.

Жақында Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев Мұхтар Әблязовтың шақыруына байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдап, 22 ақпанда көшеге шығатындарға ескерту жариялаған болатын.