Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев білім беру саласының қызметкерлерімен кездесіп, мектеп директорларын сынға алды. Кездесу барысында облыс әкімі тәрбиенің жетіспеуі - Қордайдағы қақтығыстың тағы бір себебі болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Оқу орындарының кейбір басшылары "Менің мектебім", "менің ұстаздарым", "менің шәкірттерім" деген сияқты тіркестерді қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп - мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс", - деп атап өтті аймақ басшысы.
Директорлар біртіндеп өздеріне керекті байланыстар арқылы өсіп отырады. Ақыр соңында ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға алып келетінін айтқан, әкім педагогтардың әрекетін сынады.
"Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақы алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Ол мұғалім өз шығындарын ата - аналар арқылы қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді. Ата-аналар комитеті іс жүзінде жұмыс істемейді, ал педагогтар инертті ұстанымға ие. Бала тәртіп бұзған жағдайда ата-аналарға шағымдана алмайды", - деді Бердібек Сапарбаев өз сөзінде.
«Бір мектепте бір жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің екі дерегі тіркелген. Бұған қалай жол беруге болады?». Аймақ басшысының бұл сұрағына Т. Рысқұлов аудандық білім беру бөлімі басшысы: "Директор жұмыстан босатылды, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", - деген таптаурын жауаппен құтылды.
Облыстың 40 мың педагогының алдындағы басты үш міндетті атаған аймақ басшысы білім, тәрбие және тәртіп беру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Облыс әкімі Масаншы ауылындағы мектептердің бірінен он жыл бойы бірде-бір "Алтын белгі" немесе Үздік аттестат иегері шықпағанын, тек бір ғана түлектің ЖОО-на грантқа қол жеткізгеніне назар аударды.
"Міне, Қордай оқиғаның түпкі себебін осыдан іздеу керек. Бұл сапалы білім мен жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық дәстүрлерден алшақтау, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру деңгейінің төмендігін көрсетері сөзсіз", - деді аймақ басшысы.
"Кейінгі кездері мұғалім үшін ең басты мақсат – көп сағат алу. Тезірек сабағын беріп, үйге кетуге асығады. Ал балалардың сапалы білім алуы үшін кім жауапты? Дұрыс тәрбие мен білімге ден қоймаған жеткіншектер түрлі құқық бұзушылықтар жасайды! Біз бұл орайда, ұлттық дәстүрлерді, дала философиясын, Абай мен Шәкәрім еңбектерін негізге алу керекпіз", - деді білім беру ардагері Камилаш Ахметова.
Бердібек Сапарбаев мемлекет мұғалімдердің әлеуметтік және еңбек жағдайын жақсарту бойынша маңызды қадамдар жасап жатқанын айтып, жауапты тұлғаларды БАҚ пен әлеуметтік желілердегі сыни ескертулерге жедел әрі мұқият ден қоюға шақырды.