Египеттің апелляциялық соты өлім жазасына кесілген Мұхаммед Мүрсидің 149 жақтасының үкімін жарамсыз деп тауып, оларды әзірге өлтірмейтін болып шешті. Сотталғандар 2013 жылы полицейлерді өлтірді деп айыпталған болатын.
Сот шешіміне сәйкес, аталған іс бойынша сот отырысы басынан бастап өткізіледі.
Айта кетейік, Египетте тыйым салынған "Мұсылман бауырлар" лаңкестік ұйымының өкілдері 2013 жылы Каир іргесіндегі полиция бөлімшесіне шабуыл жасап, 13 адамды өлтіргені үшін айыпты деп танылған.
2014 жылдың маусымында Египет соты аталған ұйымның 183 өкілін өлім жазасына кесті. Олардың барлығы 2013 жылы елде орын алған тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған. Алайда, кейінірек, сотталғандардың жартысынан өлім жазасы алынып, үкімі жеңілдетілді.
Ал, "Мұсылман бауырлар" ұйымының көсемі, Египеттің экс-президенті Мұхаммед Мүрси де өткен жылдың жазында өлім жазасына кесіліп еді. Оның үкімі әлі жүзеге асқан жоқ.