Оңтүстік Кореяда коронавирус індетін жұқтырған науқастардың саны 1 мың 146-ға жетті. Соңғы тәуліктің ішінде 169 адам осы дертке шалдыққан. Жергілікті билік індеттің жайылуын тоқтатуға қауқарсыз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Хабар 24-ке сілтеме жасап.
Қазір Оңтүстік Корея тұрғындары үшін үрейлі болмаса да алаңдап күй кешкен күндер болып тұр. Коронавирустан қаза тапқандар мен дертті жұқтырғандар туралы ақпар дәл бір ұрыс даласынан келіп жатқан хабар-ошарға ұқсайды. Қазір елде "COVID-19" вирусына шалдыққандар саны 1 мыңнан асқан.
"Ал індеттің таралмауы үшін жергілікті биліктің қолға алған шаралары қандай?" деген сұраққа тілші Владислав Цой:
"Біріншіден, премьер-министр індет ошағына айналған аймақты көріп қайтуға жолға шықты. Үкімет басшысы ол жақта Синчжонди сектасының мүшелерімен кездеспек. Гонконгтағы «Морнинг пост» басылымының мәліметіне қарағанда бұл діни ағымның Ухань қаласында бөлімшесі болған. Қытайда бұл ағымды ұстанушылардың саны 20 мыңдай екен. Ал Сеулге келетін болсақ бүгін қала мэрі шаһардың тағы 2 алаңында шара өткізуге тыйым салды. Вокзал мен Президент сарайының алдында да жиналуға болмайды", - деп жауап берді.
Бір ескерерлігі, Сеулде әлі маска тапшылығы байқалады. Жағымды жаңалықтар да бар. Ауруханалардан 22 адам емделіп шықты. Яғни олар қауіпті вирусты еңсерді деуге негіз бар.