Жолаушы тасымалдаушыларға салынған «Сергектің» айыппұлы заңсыз болып шықты. Бұл туралы Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Atameken Business-ке сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, палатаға турист тасымалдаумен айналысатын 10 мекеме шағымданған. Олар «Сергектің» 160 мың теңге көлеміндегі айыппұлы негізсіз екенін алға тартқан.
Ал ол жүйеге жауапты компания өкілдерінің айтуынша, арнайы жолақпен жүруге тек қоғамдық көліктерге ғана рұқсат етілген. Туристік автобустар қоғамдық көлікке жатпайтындықтан, 21 рет айыппұл салынған. Бірақ, Ішкі істер министрлігінің араласуымен мәселе кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.
«Нұр-Сұлтан қаласында жағдай басқаша. Арнайы жолақпен тұрақты және тұрақсыз қоғамдық көліктер, такси жүре алады. Біз осы мәселені көтеріп, сотқа жүгінген едік. Енді Алматы қаласында барлық автобустар мен таксиге арнайы жолақпен жүруге рұқсат етілді.
Ал тасымалдаушыларға келсек, олар айыппұлды төлеп тастаған. Өйткені, төлемесе, есепшоттары бұғатталатын еді. Біз кәсіпкерлердің ақшасының қайтарылуын талап ететін боламыз», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Дастан Төрегелдинов.