Саясаттанушы Айдос Сарым билік транзитінен кейін қандай өзгерістердің болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik.
"19 наурызда Қазақстан болып жатқан транзиттің бір жылын атап өтеді. Осы бір жылдың ішінде біз бірнеше күрделі саяси үдерісті байқадық. Біріншіден, "биліктің десакрализациясы" дейді. Билік бұрынғыдай қатып қалған үлкен институт емес, Ақорда да, әкімдер де, басқа ұйымдар да өзгеріп жатыр. Елімізде жаңа норма, жаңа бағыттағы түсінік-пайымдар орын алып отыр. Әрине, олардың орнауы оңай емес", - деді Сарым елордада өткен жиында.
Оның айтуынша, көптен бері қордаланған мәселелер бірінен соң бірі шығып жатыр. Соның ішінде Қордай оқиғасы да бар.
"Биыл біз, кем дегенде, саяси бәсекелестікті қамтамасыз ететін бірнеше заң қабылдауымыз қажет. Соның негізінде жаңа саяси ойыншылар саясат сахнасына келеді. Келесі жылы болатын сайлауларды ешқандай қателіксіз, әділ өткізуді қолға алуымыз қажет. Өмір бір орында тұрмайды. Қоғам дамып жатыр. Соған сай өзгеріс болып тұрғаны да дұрыс сияқты", - деді Сарым.
Сарапшы реформаларды іске асыру оңай емес шаруа екенін де жеткізді. Мәселен, митингілер туралы заңға қатысты әлі де ортақ шешім жоқ. Бүгінде осы құжатты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Венециан комиссиясына қаратуға қатысты ұсыныс та бар.
Тағы оқи отырыңыз: «Депутаттардан онсыз да қайыр жоқ»: Қайрат Жолдыбайұлы қоғам белсендісінің өліміне жүйені кінәлады
"Қазір халықтың жағдайын көтеруге, әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болса, бәлкім, үш-төрт жылдан соң, жаңа парламент, жаңа президент сайлауынан кейін біз бұған дейін болмаған оң реформаларды жүзеге асыруға мәжбүр боламыз. Президент те бір-екі сөзінде "болашақта бізді үлкен, бәлкім, радикалды реформалар күтіп отыр" дегенді айтып қалды. Біз оған бүгінгідей радикализммен, бүгінгідей әлеуметтік популизммен, бүгінгідей негативистік бір-бірімізді мойындамаумен бара алмаймыз. Сондықтан мәселелер бойынша өзара келісім болуы керек", - деп атап көрсетті Сарым.