Тергеу изоляторында көз жұмған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қазасына байланыс қауесет әлі басылмай тұр. Кейбіреулер тіпті, әлеуметтік желіде оның ұлының банк есепшотын көрсетіп, көмек ретінде ақша жинауда.
Ал енді біреулер, оның өліміне "Кім кінәлі?" деген сұрақтың жауабын іздеп әлекке түсуде. Осы орайда, кез келген өзекті мәселеде үнсіз қалмайтын исламтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы "Дулат Ағаділдің өліміне полиция да, ҰҚК де кінәлі емес", - деп әлеуметтік желідегі парақшасында пікір қалдырды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
"Дулат Ағаділдің өліміне полиция да, ҰҚК де кінәлі емес. 30 жылда қалыптасқан жүйе кінәлі. Біз құқықтық мемлекет емес, ҰҚК, Полиция билігін құрдық. Күштік құрылымдар - мемлекеттің, Қазақстан азаматтарының бас амандығынан гөрі, биліктің қауіпсіздігін, жеке мүдделерін ғана қорғайтын жендеттерге айналып отыр. Құқық салтанат құрған демократиялық ел болғанымызда азаматтық пікірін білдіріп, қарсы шыққаны үшін тып-тыныш үйінде жатқан адамның шаңырағына баса-көктеп кіріп, бейнебір қандықол қарақшыны немесе зиянкес террористі ұстағандай қолын қайырып, кісен салып түн ортасы қақаған аязда күштеп айдап әкете алар ма еді? Басқа өркениетті елде адам өлімін былай қойғанда, осылай қарақшылық жолмен алып кеткендіктері үшін кем дегенде ішкі істер министрі отставкаға кетер еді", - деп соңғы кездері қоғамда қоғамдық дүмпу туғызған мәселелерді астарлап жеткізді.
Оған қоса, "Әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас" дегендей, аузын буған өгіздей болып қала беретін әншілердің үнсіздігін сынады.
Мәселен, "Саяси, құқықтық реформаны талап еткен қоғамдық кеңес мүшелерінің соңғы жағдайларға көпшілігі үнсіз. Ал атағынан ат үркетін мүйізі қарағайдай ақын, жазушылар, жұлдыз әншілер мұндайда көрінбейді. Ал жүз мыңдап айлық алып отырған депутаттардан онсыз да қайыр жоқ", - деп шенді-шекпенділерді де бірауыз сөзбен нұқып қалды.
Қайрат Жолдыбайұлының пайымдауынша, құқықтық мемлекет болмай, баяғы жартас сол күйінде қала беретін көрінеді.
Тағы оқи отырыңыз: Белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты тергеуді Бас прокуратураның өзі қолға алды
"Құқықтық мемлекетке айналмай бұл осылай жалғаса береді. Комиссия құрылар, ары кетсе бұйрықты орындаған бірнеше жендет кінәлі деп табылар. Бұдан не өзгереді?! Бірақ реактив мемлекетте солай!", - деген Қ.Жолдыбайұлының бұл пікіріне азаматтық көзқарастарын білдірушілер жетерлік.