Елжан Біртанов адам өмірінің арашасы, ел үшін тер төгіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Денсаулық сақтау министрі Facebook-парақшасына медицина саласына айрықша үлес қосып, адамдарды құтқаруда жан салмай жүрген қызметкерлердің жұмысын жоғары бағалады.
"Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің барлық қызметкеріне, санитарлық зертханалардың, сондай-ақ, жедел жәрдем дәрігерлеріне ерен еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен карантинге жабылған азаматтарға медициналық көмек көрсеткен емхана, аурухана мамандарына да көп рақмет!
Дәрігерлер ешбір қиындыққа, қауіп-қатерге қарамастан, кәсіби борышын абыроймен атқаруда! Сіздердің арқаларыңызда және сіздердің мамандық алдындағы адалдық, отансүйгіштік қасиеттеріңіздің арқасында Қазақстан медицинасы күн сайын өршіп келе жатқан жаһандық індетті жеңе алатынына сенімдімін!", - деп алғысын білдірді ол.