01.03.2020, 11:00

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

Фото: turkystan.kz
Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күнімен қазақстандықтарды құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл күні қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл әрі қонақжай қазақ халқына Қазақстанда тұрағын өзге ұлт өкілдері алғыс айтады. Осынау мерекеге орай, баршаға ақ тілегін жаудырған мемлекет басшысы елімізге қоныс аударған өзге этнос өкілдерінің Қазақстанның дамуына үлес қосқанын жеткізді.

"Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!Елбасы белгілеген бұл мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі.

Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты.

Бұл күні біз елді өркендететін тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз! Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі", - деген Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір отбасына амандық пен игілік тіледі.