01.03.2020, 12:10

«Өтсе өледі»: арыстық ауыл тұрғындары президентке үндеу жолдады

Фото: видеодан скриншот
"Ескерусіз қалдық" деген тұғындар ірі кәсіп иесі мал тезегін іргеге төгіп, экологияны ластап отырғанын айтты.

Арыс қаласына қарасты Дермене ауылының тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "Информбюро"  бағдарламасына сілтеме жасап.

 Олар ауылда бай-бағландар ор қазып, арықтан малдар өліп, ел таршылық көріп отырғанын алға тартты. "Ескерусіз қалдық" деген тұғындар ірі кәсіп иесі мал тезегін іргеге төгіп, экологияны ластап отырғанын айтты.

Дермене ауылының тұрғындары кәсіпкерлер "ауылдың шетінен арық жүргізіп тастады" деп базынасын жеткізіп отыр. Олардың айтуынша, мал жайылатын жер қалдырса, кәсіп иелеріне басқа жер де жетіп артылатын көрінеді. 

"Тілегімізге құлақ асар жан жоқ, амалсыз үндеу жариялаймыз!", - деді олар.

"Қораның артынан 5 метр әрі жер қазылған. Ол жерден әрі қарай мал өте алмайды. Өтсе өледі. Арғы шетінің бәрін қоршап алған. Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы мырзадан осы ауылымыздың жағдайын істеуін сұраймыз, өтінеміз! Мал жайылатын жердің бәрін алып қойған. Жайылатын жер жоқ", - дейді ауыл тұрғындары.

Ал билік өкілдері кәсіпкерлердің жерді қазып тастағанынан хабарсыз екен. 

"Оның жауапкершілігі өте үлкен. Арнайы жер инспекциясынан адамдар жіберіледі. Солардың арнайы бағасы бар. Үлкен көлемде салық салынады. Жерді заңсыз, жер инспекторының рұқсатынсыз қазу - заңға теріс болып есептеледі", - дейді Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапар Дәрібай.

 

Тегтер: үндеу Арыс