02.03.2020, 05:45

«Әскерде бір жыл ғана емес, кемінде екі жыл болу керек» - Ауған соғысының ардагері

Елімізге қызығып, көз алартып отырған елдер де жоқ емес. Сондықтан Отанын қорғайтын жастардың әскери борышын өтеуден жалтармауы маңызды.

Алматы қаласының Әуезов ауданындағы «Ауған соғысы ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бақытжан Орынбасаров әскерде бір жыл борыш өтеу – тым аз мерзім дейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Caravan.kz-тегі көлемді сұхбатқа сүйене отырып.

«Ер адам жігіт болған соң, оның ең бірінші азаматтық борышы – Отанды қорғау. Қарулы күштерде, әскер қатарында болып, үйренгеннің, пісіп-жетілгеннің еш зияны жоқ. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Неге кезінде Ауған елінде соғыс болды? Себебі, өзінің халқы бір-бірімен келісе алмады.

Екіншіден, елінің саясаты нашар және қарулы күштері өте әлсіз болды. Ақыры, ол ел екі державаның құрбанына айналды. Ондай жағдай болмас үшін біздің елдің Қарулы күштері мықты болу керек. Жастардың білімі жоғары болу тиіс», - дейді ардагер.

Оның айтуынша, біздің елімізге қызығып, көз алартып отырған елдер де жоқ емес. Сондықтан Отанын қорғайтын жастардың әскери борышын өтеуден жалтармауы маңызды.

«Меніңше, әскер қатарында бір жыл ғана болып, борышын өтеу – өте аз. Бір жылда ештеңені үйрене алмайды. Кемінде екі жыл болу керек», - дейді соғыста шыңдалған, көрген-білгені көп «ауғандық».