Нұрсұлтан Назарбаев әуежайын су басып қалуы мүмкін. Қауіп Майбалық көліне жиналатын қар суынан төніп тұр. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кеше елорда маңындағы су қоймаларын аралап көрді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Астана су қоймасы 1973 жылы салынған. Ол 410 миллион текше метр су сақтай алады. Қазірдің өзінде қоймада 235 миллион текше метр су жиналып тұр. Көктем уақытында ол 3-4 есеге көбеюуі мүмкін. Қалың су келген жағдайда қойма суды біртіндеп төменге жібереді.
Елорда маңында тағы бір дамба бар. Астана су қоймасынан жіберілген су сол дамбаға келіп жиналады. Негізінде ол 450 миллион текше метр суды ұстап тұруға қауқарлы. Алайда, биыл 180 миллион текше метр суды 18 тәулік қана ұстап тұра алады.
Бөгет биыл жөндеуден өтуі тиіс. Оған бюджеттен 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінді. Ал биыл ара-тұра су жіберіп тұруға тура келеді. Ол сулар Нұра мен Есіл өзендері арқылы ағып кетуі тиіс. Негізі елде жауын-шашын мен қар суын бөгейтін 6 мыңға жуық бөгет құрылғылары бар. Оның 1 мыңға жуығы – коммуналды қызметтер үлесінде. 200-і жекеменшікке тиесілі болса, 10 шақты дамба иесіз.
«Әр аймақта су басу қаупі төнген бірнеше ауылдан бар. Мысалға Ақмола облысында 5-6 ауыл, Қарағанды облысында 3 елді мекен бар», - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Сергей Громов.
Қар суы шамадан көп жиналып, 2017 жылы көптеген елді мекендерді су басып қалған еді. Мамандар биылғы қар ол кезден 35 пайызға артық деді. Сондықтан қаланың іші-сыртындағы жасанды арналарды алдын ала тазартып шыққан. Дегенмен, әуежайға биыл Майбалық көлінен тағы қауіп төніп тұр. Ал атқамінерлер «судан қауіп жоқ» дегенді айта алмай отыр.