БҚО ІІД мен ҰҚК облыстық департаменті бірлесе отырып, кісі өлімінің алдын алды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап Today.kz жазады.
Оралда тұратын 60 жастағы кәсіпкер Ақтөбе қаласында тұратын қызы мен әйелін өлтіруге киллер іздеген. Ол бизнесін әйелімен бөліскісі келмеген. Ақшасын үнемдеу үшін өз отбасының көзін жоюды жоспарлаған.
5 қаңтардан бастап кішкентай қыз бен әйелді арнайы мамандар өз қорғауына алған. Ал, жедел уәкілдер кісі өлтірмек болған 52 жастағы қылмыскерді құрықтаған. Ол бұрын түрлі қылмыстары үшін Ресей мен Қазақстан түрмелерінің дәмін татқан әккі қылмыскер екен. Сондай-ақ, кісі өліміне тапсырыс берген оралдық кәсіпорындардың бірінің Бас директорының да қолына кісен салынды. Ол қызметі үшін киллерге алдын-ала 5 мың доллар берген. Осы сәтті таспаға басып алған құқық қорғаушылар оны бұлтартпас айғақпен ұстап отыр. Қазір аталған іске байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер тергеу абақтысына қамалған. Ал, 8 жасар қыз бен оның анасы қауіпсіз жерде оларды арнайы мамандар күзетуде.