Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен Алматыдағы "Ғалымдар үйінде" тарихшылардың келелі кеңесі өтті. Дархан Қыдырәлінің Facebook парақшасындағы жазбаға көзжүгіртсек, бұл жиынға атағынан ат үркетін Оразақ Смағұлов, Болат Көмеков, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Жамбыл Артықбаев, Меруерт Әбусейітова, Әбдеш Төлеубаев, Берекет Кәрібаев, Зиябек Қабылдинов тарихшы-ғалымдар, университет ректорлары, институт директорлары, оқулық авторлары мен тарих пәнінің мұғалімдері және баспагерлер қатысқан. Осынау алқалы жиында төбе көрсеткен Нұрлан Атығаев болса, министр қатысқан ресми кездесуде "ғылымдағы плагиат және онымен күресу мәселесі мүлдем көтерілмеді" деп Facebook парақшасына жазып, кейістік танытты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
"Екі жарым сағатқа созылған басқосуда 19 кісі сөз сөйлеп, нақты ұсыныстарын жеткізді, жиында ұлттық тарихымызға қатысты көптеген өзекті мәселелер қозғалды. Жиында ұлттық тарихқа жаңаша көзқарас қажеттігі айтылды, оқулықтардағы олқылықтар сөз болды, тарихты оқытуда бірізділіктің жоқтығы қозғалды, еуроцентристік көзқарастан арылу керектігіне тоқталды.
Оқулықтардың жеңіл тілмен ұғынықты жазылуы, ұлы тұлғалардың оқыту, өзге мамандықтар үшін ұлттық тарихты ХХ ғасырмен шектемей, кеңірек қамту, арнайы монографиялар мен канондық үлгідегі энциклопедиялық тарихтың қажеттігі туралы да жақсы айтылды. Тарих тақырыбында арнайы сапалы журнал мен танымдық бағдарламалардың керектігі, диссертациялардың сапасын жақсарту мәселесі де талқыланды.
Келелі кеңесті жүргізе отырып біз де арасында өз ойларымызды ортаға салдық. Соның бірі - дүниежүзілік тарихты ұлттық тұрғыда пайымдап, оқыту мәселесі. Өкінішке қарай біз әлі күнге әлем тарихын өзге тілде, өзгелердің көзімен зерделеп, оқытып жүрміз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін дүниежүзі тарихын зерттейтін мамандар қажет екені де белгілі. Сол сияқты әлі күнге дейін ІІ дүниежүзілік соғысты "Ұлы отан соғысы" деуден танбай келе жатқандар бар. Ұлық Ұлыс пен қазақ хандығының қара шаңырағы орнаған Моғолстан тарихы жөнінде оқулықтардан мардымды дүние табу қиын", - деген Дархан Қыдырәлі жиын барысында талқыланған мәселелерді жіпке тізіп, әлеуметтік желіге жазды.
Ал оның жазбасын қырағы көзімен шалып қалған Нұрлан Ағытаев болса, "Бұл кездесуге мен де қатыстым. Министр ұнады, менмендікке салынбады, елді мұқият тыңдады, байыппен сөйледі, ойындағы жоспарлармен бөлісті. Негізі сөйлеген 19 адам жақсы ұсыныстар айтты, бірақ ең басты мәселе – ғылымдағы плагиат және онымен күресу мәселесі мүлдем көтерілмеді. Ал белгілі плагиатчиктер залда отырып, ғылымды дамыту туралы тебіренетін сөз қозғады. Керей мен Жәнібекті "сепаратист сұлтандар" деген тарихшы, "Тарих ұлттық мүддеден жазылуы керек", – дегенде көзіме жас келді", - деп жанайқайын жеткізді.
Керей мен Жәнібек жайлы ойларын тықпалағандардың әрекетіне кейіген жазба авторы мұнымен қоймай, бұдан былай "жиындарыңызға шақырмай-ақ қойыңыздар" деп көкейінде іркелген ойды ұйымдастырушылар тарапына қарай "лақтыра салды".
"Күн тәртібі бойынша мен де 8-9 ұсыныс дайындап, ойымдағымен бөлісейін деп сөз сұрап едім, модератор сөз бермеді. Айта бастап едім, сөзді бөле берді, ары қарай микрофонға таласуға тәрбием жібермеді. Ойласам, қателік өзімнен екен. Жиналысқа министрмен фотоға түсу үшін емес, тарих ғылымын дамыту туралы ойларымды айтуға келгенімді түсіндіруім керек еді. Негізі жиындарда статист болып отыратын жастан өтіп кетіппін, ал "свадебный генерал" болып отыруға әлі жетпеппін. Тек "Сізді жиынға шақырған менмін" деген модератордың маған жасаған "одолжениесі" намысыма қатты батты. Сондықтан сыйлағандарыңыз сол болсын, маған "одолжение" жасап, жиындарыңызға шақырмай-ақ қойыңыздар, маған ғылыммен айналысатын уақытым бағалы", - деп жазған Нұрлан Атығаев қара қазандай болған ашуын жеткізді.
Тағы оқи отырыңыз: ҚР Білім және ғылым вице-министрі қызметінен босатылады
«Ең соңғы айтарым»: БҒМ вице-министрі өзін жазықсыз айыптағандарды сотқа бергенін мәлімдеді
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Асхат Аймағамбетов білім саласындағы плагиатпен күресу жолдарын атағаны туралы ақпарат жариялаған едік. Оған қоса, Фатима Жақыпованың диссертациясында басқа еңбектердің өте көп екені дәлелденгені жайлы хабарладық.