$ 494.87  520.65  4.91

Коронавирус салдарынан Қызылағаш қырғынында қаза тапқандарды еске алу шарасы өтпейтін болды

Су қоймасы арада он жыл өткен соң ғана қайта жөнделді. Қызылағаш ауылындағы 4 мың гектардан астам егістік жерге шаруалар қауын-қарбыздан бөлек, негізінен қызылша, соя мен жүгерді егеді.
Фото: Commons
Фото: Commons

Алматы облысының әкімдігі Қызылағаш қырғынына арналған іс-шараларды өткізбейтін болды. Олардың қатарында марқұмдарды еске алуға арналған қаралы митинг те бар. 45 адамның өмірін жалмап, 3 мың халқы бар ауылды тып-типыл еткен оқиғаға 11 наурызда тура 10 жыл толады.

Жоспарға сәйкес, қаралы жиынға облыс әкімі Амандық Баталов бастаған шенділер қатысуы тиіс болған. Алайда, коронавирустан сақтану мақсатында іс-шаралар белгісіз уақытқа дейін кейінге шегерілді.

«Қызылағаш су қоймасының жарылуынан болған апатты  еске алып, үлкен іс-шара өтуі керек еді. Оған облыс әкімінің қатысуы да жоспарланған. Алдымен ескерткішке гүл шоғын қойып, соңы қаралы митингке жалғасуы тиіс еді. Апаттан қаза тапқандардың әруағына құран бағышталып, халыққа ас беру жоспарланған. Сондай-ақ, осы апаттан қайтыс болған құрбандарға арналған ескерткіштің реконструкциясы басталу керек еді. Бірақ қауіпті вирусқа байланысты Қызылағаш оқиғасын еске алатын шаралар өтпейтін болды», - деді Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Айдар Самихов.

Еске салайық, су тасқыны салдарынан 400-ге жуық үй қирап, 45 адам қаза тапқан болатын. Олардың 17-і – әйел, 12-і – кішкентай бала. Жауапты тұлғалардың салғырттығынан болған апаттың салдарын жою үшін сол кезде Үкімет резервінен 599 миллион теңге бөлінді. Өз істеріне салғырт қараған Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Е. Жүнісов, Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е.Енин, Ақсу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қ.Байзақов, «Шынар» ЖШС-нің (су қоймасы осы серіктестіктің меншігінде болған) директоры және құрылтайшысы К.Бекеев, суды пайдаланушылардың арнайы өндірістік кооперативінің атқарушы директоры М. Жүнісов бастаған адамдар қамауға алынды.

Су қоймасы арада он жыл өткен соң ғана қайта жөнделді. Қызылағаш ауылындағы 4 мың гектардан астам егістік жерге шаруалар қауын-қарбыздан бөлек, негізінен қызылша, соя мен жүгерді егеді. 

«Су қоймасы жөнделді. Биыл жаз айынан бастап Қызылағаш пен Егінсу ауылының шаруалары су алады. Ауылда 54 шаруа қожалығы егінмен айналысады. Бұдан бөлек, малмен айналысатын 132 қожалық бар. Қызылағаш тасқын судың астында қалған кезде ауылда 2700 адам өмір сүрсе, қазір тіркеуде тұрғындардың саны 3 мыңнан асқан. Апаттан Қызылағаштан бөлек Ақтоған ауылы да зардап шеккен еді», - деді ауыл әкімі.

Дереккөз: Азаттық рухы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары