11.03.2020, 02:30

Коронавирус салдарынан Қазақстан да Наурыз мерекесін тойлаудан бас тартты

фото: bing.com
«Егер біз бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтқанын орындасақ, елімізде коронавирустың тарауын шектейміз», - деді Динагүл Баешева.

Коронавирустан сақтану мақсатында елімізде Наурыз мерекесін жаппай тойлау шектеледі. Қазір нақты қандай шаралардың қысқаратыны анықталып жатыр. Бұл туралы кеше өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Жалпы, жиында жауапты мекеме өкілдері қауіпті індеттің алдын алу жұмыстарының қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде баяндады. Мәселен, медицина ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі Динагүл Баешеваның айтуынша, жылда бұл уақытта елордадағы балалар ауруханасында 330-дан астам бала жататын.

Профилактикалық шаралардың арқасында бұл сан биыл екі есеге азайыпты. Яғни коронавирустан сақтанған ата-аналар ұл-қыздарын қоғамдық орындарға көп жібермейтін болған. Бұдан бөлек, маман әлемді дүрліктірген вирустан қорғанудың жолдарын да айтты.

«Егер біз бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтқанын орындасақ, елімізде коронавирустың тарауын шектейміз. Індеттен сақтанудың бес тәсілін естен шығармайық.

Біріншісі – коронавирус тіркелген мемлекеттерге бармау. Екіншісі – қалаңыздағы адам көп жиналатын орындарға бармау. Қолды үнемі жуып, таза ұстау керек. Бастысы, түшкіру мен жөтелу мәдениетін сақтауды ұмытпаған жөн.

Тағы оқи отырыңыз: Қырғызстан мен Өзбекстан билігі Наурыз мерекесіне арналған шараларды өткізуден бас тартты

Бұл ережелер вирус жұқтырмауға көмектеседі», - дейді Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі Динагүл Баешева.