$ 494.87  520.65  4.91

Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосын таратқан бірнеше белсенді тергелді

Тергеуге белсенділермен бірге олардың адвокаты Гүлшат Дүйсенова да қатысты.

Бас прокуратура интернетте тараған белсенді Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосына байланысты "Жалған ақпарат тарату" бабымен қозғалған қылмыстық іске куәгер ретінде бірнеше белсендіден жауап алды, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

Прокуратураға барғандар арасында ерлі-зайыпты Дархан және Динара Өмірбаевтар, Медет Арыстанов пен Қайрат Сейітқалиев бар. Бас прокуратурадағы тергеу түс ауа үште басталып, кешкі онда аяқталды. Бір топ белсенділер олар шыққанша күту залында отырды.

Тергеуге белсенділермен бірге олардың адвокаты Гүлшат Дүйсенова да қатысты. Бірақ ол "құпияны жария етпеу туралы" қағазға қол қойғанын айтып, комментарий беруден бас тартты.

10 наурызда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысынан кейін журналистерге белсенді Ағаділдің видеосын тарату ісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

24 ақпанда штаттық киімдегі бірнеше адам билікке қарсы наразылықтарда көзге түскен белсенді Дулат Ағаділді үйінен, тергеу изоляторына алып кеткен. Оған "судьяға бағынбады” деген айыппен іс қозғалған. 25 ақпанда белсендінің Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қаза тапқаны белгілі болды. ІІМ оның “жүрек талмасынан” қайтыс болғанын мәлімдеген. 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсіріп тұрған адам марқұмның денесінен көгерген іздер барын айтады.

28 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы видеоның интернетке белсендінің жақындарының рұқсатынсыз жариялап кеткенін, марқұмның сүйегіндегі дақтар - "биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.

Дулат Ағаділдің шешесі Гүлбараш Жолмұхамбетова 28 ақпанда тараған видеоға қатысты қалалық прокуратураға арыз түсіріп, кейін 5 наурызда қайтарып алды. Ол 10 наурызда белсенділер өткізген баспасөз мәслихатына қатысып, арызында баласының мәйіті көрсетілген видеоны желіден алдырып тастауды ғана сұрағанын, биліктен видеоны түсірген белсенділерді қудаламауды, ұлының өліміне себепкер болғандарды деру жазалауды талап еткен еді.

Белсенді Серік Жахин Азаттыққа Дулат Ағаділдің мәйітін жерлемей тұрып видеоға түсіруге өзі тапсырма бергенін, кейін видеоны әлеуметтік желіге таратуды сұрағанын айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары