Атырау қаласындағы автобустарда халықтық сипат ала бастаған Көрісу күні - 14 наурызда жолаушылар тегін жүреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл ақпаратты бүгін Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
«Көрісу – ежелден халқымызда бар дәстүр. Оны қайта жаңғырту бәріміз үшін маңызды болмақ. Осыған орай Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға 14 наурыз – Көрісу күні қалаішілік маршруттарда жолаушыларды тегін тасымалдауға ұсыныс айтқан еді. Бұл ұсынысқа «Atyrau-Avtopark» ЖШС-ның басшылығы қолдау білдірді. Сөйтіп, бұл күні №1, 2, 4, 8, 12, 21, 22, 30а және 65-ші маршруттағы автобустарда жолаушылар тегін жүреді» - деп хабарлады Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.