Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Nur Otan" партиясы саяси кеңесінің отырысында "президент ауысады" деген қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik.
Әлемді коронавирус жайлап, алдын алу шараларын күшейтуге байланысты мәселемен бірге әлеуметтік желіде 18 наурыз күні президент ауысады деген сыбыс тарай бастады.
Мәжіліс кулуарында "Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасының таныстырылымынан кейін журналистер Дәурен Абаевтан саяси кеңестің күн тәртібінде қандай мәселе талқыланатын сұрады.
"Күн тәртібін қазір нақты айта алмаймын. Ал сіздер айтып тұрған әңгімеге келер болсақ, мен ақпарат министрі ретінде бұл сөзді жоққа шығарамын", - деді Абаев.
Бұған дейін "Nur Otan" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия саяси кеңесінің отырысы 2020 жылдың 18 наурызында өтетінін жариялаған болатын.
Әлемде коронавирустың кеңінен таралуына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі өзгерді. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, бүгінде әлем бойынша сан алуан келіссөздер, сапарлар, екіжақты және көпжақты кездесулер өтпейтін болды.