Kinopark елдегі кинотеатрларды жаппай жабу туралы Үкімет шешімі – бизнес өкілдеріне қарсы қатал жаза деп мәлімдеді. Kомпания өкілі Ерлан Бұқарбаевтың сөзінше, кино көрсету қызметі бір ай көлемінде жұмысын тоқтатса, бұл саланың өкілдері 5 миллиардқа жуық теңге жоғалтады. Елдегі 90-ға жуық кинотеатрда 5 мың адам жұмыс істейді. Егер алғашқы шешім өзгеріссіз қалса, онда бұл адамдардың барлығы жалақысыз қалмақ.
«Біздің кинотеатрларда мыңнан астам адам жұмыс істейді. Үкімет жұмысшылардың айлық жалақысын минималды түрде сақтауы керек деді. Оны сонда кім төлейді? Үкімет барлық шығындарды төлеуден бас тартты. Ал бізде кинотуындыларды жеткізушілер мен банктердің алдында міндет бар. Залдың жалға алу ақысы бар. Кинотеатарларды жабу осы саладағы шағын және орта бизнесті шығынға батырады. Үкіметтің бұл шешімі өте қатал болып отыр», - деді Kinopark конотеатрлар желісінің пиар-менеджері Ерлан Бұқарбаев.
Тек бір ғана Kinopark компаниясына қарасты 20 шақты кинотеатрға жыл сайын 7 миллионнан астам адам келеді. Бұқарбаевтың сөзінше, басқа кинотеатрлардың басшылары, режиссерлері мен продюсерлері де Үкімет шешімімен келіспейді. Олар Премьер-министр Асқар Маминнің атына шағым хат жазып, жауабын күтіп отыр.
«Дамыған мемлекеттерде кинозалдарға тепловизор қойып, барлық санитарлық талаптарды сақтайды. Үкімет Қазақстандағы кино өндірісіне қолдау көрсетіп, әрі сақтану жағына көмек көрсетудің орнына, барлық жауапкершілікті компанияларға ысыра салды. Кинотеатрлардаы ғана емес, адам көп жүретін қоғамдық көліктерді, сауда орталықтарын неге жаппайды? Біз кинозалдарды тазалық сүзгісінен өткізіп, тепловизормен қамтамасыз ету және дезинфекция жүргізу міндеттерін мойнымызға алуға дайынбыз. Қазір Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары әкімдігінен ресми құжат күтіп отырмыз. Бұйрық келсе, жабуға тура келеді», - деді Е.Бұқарбаев.
Ал кешеден бері осы компанияға тиесілі кинотеатрлар қаңырап бос қалған. Сұраныстың жоқ екеніне қарамастан, билет бағасы арзандамаған.
«150 адамдық залға әдетте, кем дегенде 50 көрермен отыратын. Қазір мүлдем адам жоқ. Бір залда екі адамнан ғана отырады. Онлайн-сатылым да болып жатқан жоқ», - деді Kinopark компаниясының кассирі Жадыра Майданова.
Дереккөз: Азаттық рухы