19.03.2020, 11:45

«Маңызды мәселе»: Нұр-Сұлтанда тағы бір блок бекет орнатылды

Қала басшылығы Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Қосшы, Жібек Жолы, Шұбар ауылы тұрғындарының қозғалыс мәселесін реттейді.

Елде төтенше жағдай жариялануына және қалыптасқан жағдайға байланысты қатаң шаралар қабылданып жатыр. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифинг барысында ағымдағы жағдай туралы хабардар етті, деп жазды Baq.kz.

"19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимі енгізілді. Қала периметрі бойынша тұрғындардың қозғалысы мен көліктердің кіріп-шығуы үшін 6 бекет орнатылған. Қосымша тағы бір блок бекет Ақмола облысында орнатылды. Сонымен қазір елордада 7 блок бекет орнатылды", - деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, елорда маңындағы елді мекендерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

"Маңызды мәселе, қала басшылығы Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Қосшы, Жібек Жолы, Шұбар ауылы тұрғындарының қозғалыс мәселесін реттейді. Бұл елді мекендердің тұрғындарының қала шеңберіндегі қозғалыс ережелері мен қала тұрғындарына теңдей санитарлық-эпедмиологиялық талаптарға сай карантин аумағы қала сыртындағы елді мекендердің шекарасына дейін барынша кеңейтілді. Яғни блок бекеттері бұл ауылдардың сыртында орналастырды", - деді Бахтияр Мәкен.