19.03.2020, 12:15

«Құлдырау жалғасуда»: Ұлттық банк пен қор биржасы бірлескен мәлімдеме жасады

Фото: inbusiness.kz
Осының арқасында ұлттық валютаның негізсіз құбылуына тосқауыл қойылады.

 Қазақстанның ұлттық банкі мен қор биржасы бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан банктің ресми ақпаратына сілтеме жасап. 

"Өткен бір тәуліктің ішінде жаһандық қаржы нарықтары қатты құбыла бастады. Brent маркалы мұнайдың бағасы баррель үшін 25 долларға, бір тәуліктің ішінде 14%-ке төмендеді. Осылайша, жыл басынан бері 60%-ке арзандады. Әлемдік қор және валюта нарықтарында да құлдырау жалғасуда. Ресей рублі бір күннің ішінде 7.3%-ке, ал жыл басынан бері 30%-ке әлсіреді", - делінген бірлескен мәлімдемеде.

Қазіргі жағдайда Қазақстанның ұлттық банкі мен қор биржасы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және сыртқы факторлардың әсерін шектеу мақсатында 19-20 наурызда теңге-доллар сауда-саттығын Франкфурт аукционымен өткізу туралы шешім қабылдады.

Сауда-саттықты Франкфурт аукционымен өткізу шешімі клиенттердің қазіргі сұранысын қанағаттандырып, валюта нарығындағы тұрақсыздыққа жол бермейді. Алдағы сауда-саттықтардың режимі туралы ресми мәлімдемелер арқылы жеткізілетін болады ", - делінген ресми хабарламада.

Франкфурт аукционы қалай өткізіледі?

Сауда-саттық ашылғанда клиенттердің берген өтінімдерінде баға бұған дейінгі көрсеткіштен 1,5%-ке ауытқып кетсе, Франкфурт аукционының арнайы режимі ашылады. 

Аукцион алдымен жеті минут жүреді. Одан кейін тағы жалғасуы мүмкін. Осы уақытта қатысушылар биржаның сайтында валюта бағамын көре алмайды. Ал электронды жүйе барлық өтінімдердің негізінде орташа бір бағамды шығарып береді.

Франкфурт аукционының негізгі мақсаты – қаржылық тұрақсыздық кезінде объективті бағамды анықтау. Осының арқасында ұлттық валютаның негізсіз құбылуына тосқауыл қойылады.

Өткен жылы шілде айында Қазақстанда осы режимді қолдану жайында айтқан. Ал 2020 жылы 10 наурызда сауда-саттық алғаш рет Франкфурт аукционымен өтті.

Тегтер: Ұлттық банк