$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда 12 жастағы қызды бір топ жігіт жабылып зорлаған

Жәбірленушінің айтуынша, қаскөйлер бұл әрекетін бір емес, бірнеше рет қайталаған. Өрімдей қыздың анасы бұл жаға ұстатар жайтты біліп қалып, алдымен полицияға шағымданған деп хабарлайды 31 арна.

Қыздың анасы күдіктілер анықталып, бүкіл айғақ ұсынылса да, жазықтылар жазасыз кетуі мүмкін деп қорқады.

«Алтыншы сынып оқушысын осы жылдың қаңтар айында әлеуметтік желі арқылы танысқан құрбысы кездесуге шақырады. Кездесу соңы бір топ жігіттің қызды жабылып зорлауымен аяқталған. Бұл жағдай осы айда екінші рет қайталанған. Ал мамыр айының соңында қызды алдап кездесуге шақырған жігіттердің бірі үшінші мәрте лас әрекеттерін жүзеге асырған», делінген телеарна сюжетінде.

Ал байқаусызда біліп қалған қыздың анасы әуелі шағым түсіріп, артынша тергеуге қажетті айғақ заттарды да өзі жинаумен айналысқан. Тергеу барысында бір-бірін танымаймыз деген жігіттер бір оқу орнында оқитын болып шықты.

Гүлнәр Рүстемқызы зорлық көрсеткендер кінәсін мойындамаса да, олардың ата-аналары адвокат жалдап, өзіне пара беруді ұсынғанын айтады.

Оқиға ғимараттың құрылысы бітпеген қабатында орын алған. Желіккен жігіттер 12 жасар қызды осында алдап әкеліп, өздерінің арам ойларын жүзеге асырған. Ал жәбірленуші қыз айғайлап көмек шақыруға, болған жайды анасына айтуға қорыққан.

Ал іспен айналысып жатқан құқық қорғаушылар тергеу амалдары белгіленген тәртіппен жүзеге асып жатқанын жеткізді. Тек күдікті жігіттер кәмелеттік жасқа толмағандықтан оларды қамауға ала алмаймыз дейді.

― Сезікті ретінде бірнеше бозбала анықталды. Жасы кәмелетке толмаған жігіттердің барлығы да қаламыздағы бір интернаттың оқушылары. Қазіргі таңда барлық тергеу амалдары жалғасу үстінде. Атап айтар болсақ, барлық сараптама түрлері тағайындалды. Әр сараптама кем дегенде 20 күн жасалады, ― деді оқиғаға түсініктеме берген Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Жәбірленушінің анасы Әуезов аудандық ішкі істер бөлімі тергеу амалдарын әдейі созып жатыр дейді. Зорлаған жігіттердің бірі әкесімен келіп, Гүлнәрға бар кінәсін мойындап, қолхат та беріп кеткен. Ал өзге жігіттер қызды танымайтындарын айтып, бет бақтырмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары