Шымкентте Сириядағы соғысқа қаржылай қолдау көрсеткен қазақстандық 4 азаматқа сот үкімі шықты. Әл Фараби аудандық сотының үкімі негізінде айыпталушыларға 8 жылдан 9 жылға дейінгі абақтыға жабылу жазасы кесілді, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Тергеу кезінде белгілі болғандай, айыпталушылар Сириядағы соғысқа бір емес, бірнеше рет ақшалай көмек көрсетіп отырған. Ол аз болғандай айыпталушылар, тіпті, шетелге соғысқа кеткен содырлардың жұбайлары мен бала-шағаларын сол жаққа жеткізуге қол ұшын беріпті.
Айыпталушылардың арасында әкелі-балалы жандар да бар. Сотталушылар өткен жылы құзырлы органның назарына ілігіп, екеуі қараша айында қамауға алынған болатын. Ал қалған екеуі ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен жүрген. Бүгін судья соңғы екеуін де сот залынан кісендеп, қамауға алуға үкім шығарды.