20.03.2020, 12:40

Қарағандыға коронавирус жұқтырғандардың қайдан келгені белгілі болды

Фото: pixabay.com
Адамдарды карантиндік режимге жіберу қиындады.

 Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputniknews.kz.

Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, соңғы мәлімет бойынша тағы бес адамда коронавирус анықталды.

"Екеуі – Қарағанды қаласында. Олар - 1972 және 1971 жылы туған Қазақстан азаматтары. Екеуі де 0324 рейсімен "Минск-Қарағанды" ұшағымен келген болатын", - деді Ахметшәріп онлайн брифингте. 

Бұдан бөлек, Алматы қаласы бойынша тағы үш адам тіркеліп отыр. Біреуі - Берлин қаласынан ұшып келген 1979 жылы туған әйел. Екіншісі Франциядан келген 1997 жылы туған ер адам. Сондай-ақ, 1982 жылғы әйел бар. Барлығының денсаулығы жақсы.

"Осы сағатта Алматы қаласы бойынша 22 адам, Қарағандыда 2 адам, Нұр-Сұлтанда – 25 адам. Барлығы республика бойынша 49 науқас тіркеліп отыр. Қайтыс болғандар жоқ", - деді Ахметшәріп.

Еске сала кетсек, 18 наурыз күні Минск-Нұр-Сұлтан бағытымен келе жатқан ұшақ Қарағанды әуежайына қонған болатын. Өйткені астанаға бір уақытта үш халықаралық рейс келуі тиіс еді. Адамдарды карантиндік режимге жіберу қиындады. Сондықтан Минсктен келе жатқан ұшақ Қарағандыға жіберіліп, борттағы 67 адам бірден карантинге жатқызылды.