23.03.2020, 16:30

Төтенше жағдай кезінде қаржысыз қалғандар 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алады

Фото: КТК.kz
Қажет болса, бізде қолдау көлемін ұлғайту, қамту және кеңейту үшін қажетті резервтер бар.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде қаржылық қиындыққа тап болғандарға жәрдемақы төлеу керектігін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл жайлы мемлекет басшысы бүгін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәлімдеді.

"Қазіргі ахуал 500 мыңдай адамның қаржылық жағдайына кері әсер етті. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде қаржысыз қалып, қиындық көріп отырған жандарға  1 АЕК  (42 500 тенге) көлемінде жәрдемақы төлеуді тапсырамын. Жалпылама есептегенде бұл көмекті еліміз бойынша, 1,5 миллионнан астам тұрғын алады. Қажет болса, бізде қолдау көлемін ұлғайту, қамту және кеңейту үшін барлық қажетті резервтер бар. Мемлекеттік комиссияға төлемдердің тиімді және ашық механизмін жасауды тапсырамын", - деді Тоқаев.

Айтпақшы, президенттің сөзінше, бұл ақшаны кімдер алатынын «Атамекен» АЭС-нің қатысуымен арнайы құрылған аймақтық штаб анықтайды.