23.03.2020, 18:00

«Мұғалімдерді сұрақтың астына алып, айыптаудың реті жоқ» - Дәурен Абаев

Фото: Ult.kz
"Балапан" және "Ел арна" телеарнасынан қосымша видеосабақтар көрсетіледі.

Мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқиды. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputniknews.kz.

Министр қашықтан оқытуда қосымша ретінде қазақ тілінде "Балапан" және орыс тілінде "Ел арна" телеарналарында  бейнесабақтар көрсетілетінін айтты.

"6 сәуірден бастап қазақстандық мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Қазір Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жөнінде барлық жаңалықты жақын уақытта хабарлаймыз. Сондықтан түсіністік танытып, ресми мәлімдемені күтуді сұраймыз. Қазір мектептер мен мұғалімдерді сұрақтың астына алып, айыптаудың реті жоқ", - деді Абаев брифингте.

Министр бұл мәселе үкіметтің құзіретінде екенін атап өтті. Барлығы алдын ала хабарланады деп сендірді. Қосымша шара ретінде "Балапан" және "Ел арна" телеарнасынан қосымша видео сабақтар көрсетіледі. Оларды Білім және ғылым министрлігі дайындаған.

16 наурыздан бастап коронавирус індетіне байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ал астана мен Алматы карантинге жабылды.