Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектебінде «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбында ашық сабақ өтті. Іс-шараға мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты, - деп хабарлайды Sn.kz.
Ашық сабақ барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде кең көлемді мағлұмат берілді. Оқушылар ақын өлеңдері мен қара сөздерін оқып, пікірлерін айтты. Арнайы бейнебаян көрсетіліп, ақынның баға жетпес құнды қазыналары насихатталды.
Ашық сабақ барысында ұлы ақынның сөзіне жазылған «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» секілді әндері шырқалды. Сонымен бірге аудармалары оқылып, қатысушылар «Желсіз түнде жарық ай» әнін караоке арқылы айтты. «Сыйлық кімге бұйырады?» атты тақырыпта көрермендерге де сұрақ қойылып, жеңімпаздар анықталды.
Шара соңында орта мектеп директоры С.Қаюпов сөз сөйлеп, ақынның 175 жылдық айтулы мерейтойы елдігімізді асыратын, еңсемізді көтеретін рухани шара екенін атап өтті.