27.03.2020, 17:40

Індетке байланысты театрлар да онлайн режимге көшті

Онлайн режимде аптасына төрт спектакль – екі опера және екі балет ұсынылатын болады.

Коронавирус пандемиясына байланысты театрлар да онлайн режимге көшті. Сахнадағы өнерді сағынған көрермендер қойылымдардан алыстап қалмайды.  

27 наурыз - Халықаралық театр күні. Жылдағыдай кең залда емес, онлайн атап өтілмек. "Астана Опера" Дж.Пуччинидің әйгілі "Турандот" операсын TENGRINEWS TV-ден көрсетеді. Сонымен қатар жақын арада #Bizbirgemiz жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылған YouTube платформасында "Астана Опера" әртістерінің өнер көрсетуі жоспарланған.

Жаппай карантин әлемнің түгел дерлік сахналық алаңдарының жоспарын өзгертті, алайда, бұл адамдардың өнерге деген қызығушылығы тоқтады дегенді білдірмейді. Статистика көрсеткендей, интернет арқылы опера және балет классикасын тамашалау саны ондаған есеге артқан.

Онлайн режимде аптасына төрт спектакль – екі опера және екі балет ұсынылатын болады. Жұмыс күндері спектакльдердің көрсетілімі сағат 19:00-де, ал демалыс күндері сағат 18:00-де басталады.

Биыл елордалық ұжым өзінің жетінші кәсіби мерекесін атап өтеді. Театрлық өлшем бойынша әзірге жас шағына қарамастан, осы жылдар ішінде қаншама дүние жасалынды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен көптеген гастрольдер, соның ішінде әлемдік турне, әртістердің халықаралық байқаулардағы жеңісі, әйгілі майталмандармен спектакльдердің қойылымдары – осының бәрі халықаралық аренада "Астана Опера" брендін танымал әрі беделді етті.

"Астана Операның" үздік спектакльдеріне Карнеги-холл, Париж операсы, Meridian Hall Stadsschouwburg, De Doelen, Карло Феличе театры, Рим опера театры, Валенсиядағы София патшайымның өнер сарайы, Маскаттағы Корольдік опера театры, Мариин театры, "Санктъ-Петербург Опера" театры, Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театры, Мемлекеттік Кремль сарайы, Ә.Науаи атындағы МАҮТ және басқа да театрлардың өнерсүйер қауымы лайықты бағасын берді.

Бүгінде "Астана Операның" репертуары көрнекті ұлттық композиторлардың шығармаларын – М.Төлебаевтың "Біржан – Сара", А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай", Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операларын, Ғ.Жұбанованың "Қарагөз" балетін қамтиды. Ал әлемдік классика 30-ға жуық атақты спектакльдермен ұсынылған.

Репертуардың қалыптасуына өнер әлеміндегі айтулы тұлғалар – бас дирижер – Алан Бөрібаев пен балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова зор үлесін қосып келеді.

"Астана Операның" барша шығармашылық ұжымының зор мақтанышы – алғаш рет А.Жұбанов, Л.Хамидидің "Абай" операсы үшін табыс етілген Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы болды (2018). Бір жылдан кейін театр қызметі "Жылдың үздік концерттік/театрлық алаңы" аталымында BraVo халықаралық кәсіби музыка сыйлығымен атап өтілді.

"Астана Опера" спектакльдері  Франко Дзеффирелли, Юрий Григорович, Борис Эйфман, Алтынай Асылмұратова, Андрис Лиепа, Алан Бөрібаев, Джанкарло дель Монако, Пьер Луиджи Пицци, Лоренцо Амато, Лука Ронкони, Давиде Ливермор, Раймондо Ребек  сынды атақты шетелдік және отандық мәдениет қайраткерлерінің қойылымында; көрнекті  сценограф Эцио Фриджерио  мен  костюмдер бойынша суретші  – "Оскар" сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, сондай-ақ дарынды қазақстандық суретшілер Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов, Арасель Досмұратованың қатысуымен өтеді.

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында тұрғындардың барлық әлеуметтік топтарының, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың келуіне жағдай жасалған. Олар үшін театрда "кедергісіз орта" аймағы бар: кең ашылатын есіктер, қауіпсіз пандустар, арнайы лифт және спекакльдер мен концерттерді тамашалауы барынша қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін басқа да қажетті атрибуттар қарастырылған.

Бүгінгі таңда театрдағы тіршілік тоқтаған жоқ: ғимарат мұқият тазартылып, зарарсыздандыру жұмыстары жалғасуда, осылайша, театр ұжымы классикалық өнер табынушыларымен кездесуді асыға күтеді.

Дереккөз: Massaget.kz