Сөзін "Ұлтты сүю - тектіліктен!" деп бастаған белгілі заңгер Айгүл Орынбек, қазіргідей төтенше жағдай кезінде бір "дәрігердің коронавируспен ауырғандарды емдеуден бас тартқаны" туралы жазды. Ашынған заңгер, дәрігерді де, оның жақтастарын да оңдырмай сөзбен сойып-сойып алды. Оның ойынша, әлгі дәрігерді қолпаштаушылардың "жемқор шенеуніктерден еш айырмашылығы жоқ" екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Бір дәрігер короновируспен ауырғандандарды емдеуден бас тартыпты. Себебі "төленетін ақша аз" дегенді оқып қалдым.
Оны "Дұрыс, Өзбекстан сияқты көбейтсін!" деп қолпаштап, қолдағандар да табыла кетіпті. Сол дәрігерге, қолпаштап отырғандарға айтарым: "Сендердің мына жемқор шенеуніктерден еш айырмашылықтарың жоқ! Елдің басына жұт келіп, қиын-қыстау күнде халықпен бірге болудың орнына, емдеуден бас тартқаны дұрыс емес!", - деп Айгүл Орынбек Facebook парақшасында жазды.
Бір қызығы, заңгер жазбасына арқау болып отырған дәрігердің атын атып, түсін түстемепті.
Заңгердің пайымдауынша, қазіргідей қысылтаяң кезеңде бір-бірімізді сақтап қалу аса маңызды.
"Дәл қазір бәрімізге бір-бірімізді сақтап қалуды ойлау керек! Бұл - биологиялық соғыс, бұрын әскер керек болса, қазір дәрігер керек! Ал осындай кезде ақша сұрап, халықты емдеуден бас тартса, елді, жерді, отанды сатқанмен бірдей! Қазақтың қанына бұндай сатқындық қашан кіргенін қайдам? Ұлтты сүю тектіліктен екенін білемін! Тектілікті жоғалтпайық, ағайын!", - деп көпшілікті қандай қиындық болса да адамгершілік қасиеттерді естен шығармауға шақырды.