Қазақстанда банктер төтенше жағдай кезінде кредит бойынша қарыз сомасын төлеуді уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Десе де бұл банк алдында берешегі бар барлық азаматтарға бірдей қатысты емес. Аталмыш акция аясында қандай клиенттер қамтылып, кімдер қалыс қалатыны туралы Қамшы тілшісі әзірлеген материалдан танысуға болады.
Kaspi.kz
Kaspi.kz несиелер бойынша ай сайынғы төлемдерді 3 айға кейінге қалдырды. Науқан ақшалай, тауар түріндегі несиелер, автонесие, бөліп төлеу, кредиттік карта мен Kaspi Red қызметіне қатысты, сондай-ақ барлық несиелер бойынша қолданылады. Төлем кейінге қалдырылған 3 айда қарыз сомасына айыппұл мен өсімпұл қосылмайды. Тек несие мерзімі 3 айға ұзарады. Аталған мерзімде жаңа несие берілмейді.
Төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін ешқайда шықпастан Kaspi.kz мобильдік қосымшасындағы арнайы онлайн-сервис көмегімен іске асыруға болады. Өтініштерді қабылдау 2 сәуірден басталмақ. Кейінге қалдыру автоматты түрде жүзеге аспайды. Ол үшін әр клиент қосымша арқылы банкке өтінім қалдыруға тиіс. Банк өтінімді мақұлдаған жағдайда төленбеген айлар үшін несие тарихы бұзылмайды. Ал клиент банкке өтінім қалдырмастан, кредит бойынша төлем жасалмаса, онда кредит тарихы бұзылады.
Ескерте кетерлігі, акция 18 наурызға дейін алынған несиелерге ғана қатысты қолданылады. Сондай-ақ банк алдында мерзімі өткен берешегі (просрочка) бар клиенттер аталмыш қызметті пайдалана алмайды. Банк call-орталығының номері – 9999.
Halyk bank
16 наурыз бен 15 маусым аралығында төленбеген төлемдер бойынша айыппұл мен өсімпұл қосылмайды. Кредит бойынша төлемді кейінге қалдыру 16 наурыз – 16 сәуір аралығында, яғни 1 ай көлемінде әрекет етеді. Банк төленбеген айдың сомасын несие мерзімін бір айға созу арқылы соңынан өндіріп алады. Акцияны 16 сәуірден кейін де созу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Кредит төлемін кейінге қалдыру бойынша өтінім банк сайты арқылы онлайн түрде қабылданады. Өтінім 10 жұмыс күнінде қаралып, нәтиже SMS хабарлама арқылы беріледі немесе банк қызметкері қоңырау шалып айтады. Кейінге қалдыру кезінде банкпен қосымға келісім жасалады. Оны сайт арқылы жеке кабинеттен немесе мобильдік қосымшадан көруге болады.
Мұнда да клиенттің банк алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек. Өйтпеген жағдайда клиент акцияға қатыса алмайды. Мерзімі кешіктірілген кредит бойынша 16 наурызға дейінгі есептелген өсімпұлдар еш өзгеріссіз қалады. Ал 16 наурыз бен 15 маусым аралығында өсімпұл автоматты түрде тоқтатылады. Қосымша сұрақтар бойынша 7111 номеріне хабарласуға болады.
ForteBank
Жеке тұлғалар мен бизнес өкілдеріне төлем 90 күнге кейінге қалдырылады. Бұл аралықта айыппұл, өсімпұл қосылмайды. Алайда төтенше жағдайдың клиент кірісі мен бизнеске әсер ету жағдайы дәлелденуге тиіс. Банк сайты, мобильдік қосымша арқылы өтінім берерде дәлел бола алатын тиісті құжат қоса тапсырылуы керек. Ол келісім-шарт, әкімшіліктің ескертпесі, бизнес түрінің жабылғанын растайтын қандайда бір қағаз, жұмыстан шығарылғаны немесе ақысыз демалысқа жіберілгені туралы анықтама секілді құжаттар болуы мүмкін. Банк қызметкерлері қосымша құжаттар сұратуы да ықтимал.
ForteBank-те де 16 наурызға дейін мерзімі кешіктірілген кредиті барлардың несие төлемі кейінге қалдырылмайды. Банк call-орталығының номері – 7575.
Сбербанк
Кепілсіз несие бойынша жеке тұлғалардың кредиттік төлемін 3 айға кейінге қалдыру – мерзімі өткен берешек жоқ болған жағдайда ғана қолжетімді. Несие 16 наурызға дейін алынған болуы керек. Клиенттер бірнеше категорияға бөлінген. Әлеуметтік осал топ өкілдері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жергілікті атқарушы органда жұмыссыз ретінде тіркелгендер үшін банк бар шаруаны өзі істейді. Ешқайда барып, еш жерге өтінім қалдырылмайды. Банк аталған санатқа жататын клиенттер туралы деректі кредиттік бюродан алысымен, клиенттерге хабарласып, төлемді кейінге қалдыруға рұхсатын алады.
Ал төтенше жағдайға байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған клиенттер сайттағы үлгіні жүктеп, толтырып, сканерлеп, электрондық поштамен жіберуі керек. Өтінімге қоса табысты жоғалтқанын растайтын құжат, жұмыстан шығарылғаны жөніндегі бұйрық, ақысыз демалысқа жіберілгені туралы жолдама, науқас қағасы секілді құжаттар міндетті түрде ұсынылуға тиіс. Шешім 10 жұмыс күні ішінде шығарылады. Қосымша сұрақтар бойынша 5030 номері арқылы оператордан сұрауға болады.
Jysan bank
Банк алдында мерзімі өткен қарызы жоқ жеке тұлғалардың 18 наурызға дейін алынған тұтынушылық және кепілді несиесінің төлемі 60 күнге кейінге шегеріледі. Шегеру индивидуалдық негізде 3 айға созылуы да мүмкін. Бұл аралықта барлық несие бойынша айыппұл, өсімпұл қосылмайды. Өтінімді банк бөлімшесі арқылы, сондай-ақ info@jysanbank.kz электрондық поштасына үлгіге сәйкес өтініш жазу арқылы беруге болады. Банк call-орталығының номері – 7711.
Tengri Bank
Аталмыш банкте жеке тұлғалардың кепілсіз несиелері бойынша 90 күн бойына айыппұл мен өсіппұл салынбайды. Жеке тұлғалар zabota@tengribank.kz поштасына, кәсіпкерлер bizbirgemiz@tengribank.kz поштасына өтінім қалдыруға тиіс. Өтінім еркін формада жазылады. Онда несие рәсімделген тұлғаның деректері толық көрсетілуі, телефон номері жазылуы міндетті. Төлемді тоқтату науқанына барлық клиенттер қатыса алады. Банк call-орталығының номері – 3434.
Банк Kassa Nova
Банк автоматтық режимде 16 наурыздан бастап 3 айға несие бойынша төлем жасалмағаны үшін айыппұл мен өсіппұл салмайды. Төленбеген айлардың сомасы қалған мерзімге теңдей етіп бөлінеді. Несие мерзімі ұзармайды. Алайда 16 наурызға дейін клиенттің төленбеген несиесі болмауы керек. Ондай болған жағдайда, клиент акциядан қалыс қалады. Тек мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелерге 16 наурыздан төтенше жағдай аяқталғанға шейін айыппұл мен өсімпұл салу тоқтатылады. Банкке жүгінудің қажеті жоқ. Call-орталық номері – 595.
Альфа-Банк
Әлеуметтік осал топ өкілдері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жергілікті атқарушы органда жұмыссыз ретінде тіркелгендердің төлемдерін банк 16 наурыз – 15 маусым аралығында шегереді. Ол үшін банкке барудың қажеті жоқ, барлығы автоматты түрде жасалады. Төтенше жағдайға байланысты табысы азайған, қысқарған, ақысыз еңбек демалысына жіберілгендер де 16 наурыз бен 15 маусым аралығында Альфа-Банк Қазақстан мобильдік қосымшасы арқылы 31 наурыз бен 15 маусым аралығында өтінім білдіре алады. Қосымша құжат керек емес. Жеке тұлғалардың мерзімі 90 күннен асып кеткен кепілсіз несиелері бойынша төтенше жағдай аяқталғанша айыппұл мен өсімпұл салу тоқтатылады. Банк call-орталығының номері – 2051.
Банк Хоум Кредит
Төтенше жағдай кезінде кредиттер және кредит карточкалары бойынша мерзімі өткен ай сайынғы төлемдер үшін тұрақсыздық айыбы есептелмейді. Сондай-ақ мерзімі 90 күннен асқан кредит бойынша есептелген сыйақы да тоқтатылады. Ол үшін Банкке жүгіну міндетті емес. Ал жұмысынан айырылған клиенттерге банк төлемдерді 2 айға кейінге қалдыруға рұқсат береді. Төлем демалысын алу үшін клиенттер 1 сәуірден кейін мобильдік қосымша немесе кез келген бөлімше арқылы банкке жүгіне алады. Басты талап – клиенттің мерзімі өткен берешегі болмауға тиіс, несие 18 наурызға дейін алынған болуы керек. Әрі оның ай сайынғы төлемі төтенше жағдайдың әрекет ету кезеңіне сәйкес келуі керек. Қосымша сұрақтар бойынша +7 771 724 12 40 номеріне whatsapp арқылы хабарласуға болады.
KMF
Өзге банктердегідей кредиттік каникул микроқаржы ұйымында да бар. Бірақ ұйым бірнеше бағыт бойынша әртүрлі несие қызметтерін ұсынатындықтан әр клиент ісі жеке қаралады. Ол үшін клиент мобильдік қосымшаға кіріп, несие мерзімін өзгерту шарттарын жеке есептеуі керек. Қосымша сұрақтар бойынша 7474 номеріне немесе 8 701 801 74 74 whatsapp номерге хабарласуға болады.
АТФБанк
Кредит бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру жөніндегі өтінім банк сайты арқылы қабылданады. Өтінім сайтта көрсетілген арнайы үлгі бойынша толтырылады. Өтінім беру кезінде клиент әлеуметтік осал топқа жататынын растайтын құжат пен табысынан айырылғаны туралы анықтаманы қоса тіркеуі керек. Өтінім бергеннен кейін, Банк қызметкері берілген ақпаратты нақтылау үшін клиентпен хабарладасы. Банктің телефон номері – 2424, whatsapp номері – 8 705 766 88 62.
Еуразиялық банк
Банк төтенше жағдайға байланысты жұмысынан қысқарған, ақысыз демалысқа шығарылған клиенттерінің ғана қарызын 3 айға шегереді. Өзге клиенттер әдеттегідей мерзімде төлей беруі керек. Төлеу мерзімі шегерілмеген клиенттердің өтелмеген берешегі үшін айыппұл пен өсімпұл шарт талаптары негізінде қосылады. Ондай клиенттерге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Төлем мерзімін тоқтату туралы өтінім банк сайтында жүргізіледі. Өтініммен бірге жұмыстан қысқарғанын немесе ақысыз демалысқа шығарылғанын растайтын құжат қоса ұсынылуға тиіс. Мерзімі кешіктірілген несиелер бойынша өтініштер қарастырылмайды. Банкке 8727 332 77 22 номері бойынша хабарласуға болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Банк 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемді 90 күнге шегеруге мүмкіндік береді. Шегерілген төлемге негізгі қарыз да, несие сыйақысы да кіреді. 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақытылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсімпұл алынбайды. Бұл клиент жазған өтініштің негізінде жүзеге асырылады. Өтініште кейінге шегерудің не себепті қажет болғаны көрсетілу керек, бірақ банк қосымша растау құжаттарын талап етпейді. Төлемді шегеру туралы өтініш 2020 жылғы 15 сәуірден бастап интернет-банкинг арқылы қабылданады. Онлайн-өтініш беру кезінде 2020 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша уақтылы өтелмеген несие төлемі болмауы керек.
Дереккөз: Qamshy.kz