31.03.2020, 17:20

Даниал Ахметов Өскемен мен Семей қалаларына ерекше шектеу түрін енгізбек (ВИДЕО)

Фото: Sputniknews.kz
Соғыс ардагерлеріне 600 000 тг, марапатталған тыл еңбеккерлеріне 100 000 тг, ал марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне 42 500 тг береміз.

Мемлекеттік комиссиямен келісе отырып, Өскемен мен Семей қалаларында 2020 жылғы 2 сәуірде сағат 00.00-ден бастап, қосымша шектеулер енгізіледі. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтың Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. ⠀ "Шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Сонымен қатар, бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін "жасыл дәліз" ашылды. ⠀ Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге рұқсат берілді. Бір апта ішінде қоғамдық көлік қатынасы қысқартылады. Кәсіпорындар өз қызметкерлерін жеке кесте бойынша жеткізетін болады. ⠀ 6 сәуірден бастап, жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері, көлік нөмірі нөлді қосқанда, тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері, көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді. ⠀ Сондай-ақ, 6 сәуірден бастап, Өскемен, Семей аумағында тұрғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады. І түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған. ⠀ ІІ түрі - әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады. Рұқсат қағазының жасыл түсі - жұп күні, Ақ түсі - айдың тек, тақ күндері шығуға мүмкіндік береді. ⠀ 2 сәуірден бастап, азық-түлік бөлімдерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне өтеді. Қызмет көрсететін – сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады", - делінген әкім парақшасындағы хабарландыруда.

 Оған қоса, хабарламада "жасы 70-тен асқан жерлестеріме, І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, үйден шықпауларын сұраймын. 2 сәуірден бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріңізге жеткізетін боламыз. Әлеуметтік маңызы бар, азық-түлік өнімдерінің 19 түрі, гигиена құралдарының 10 түрі кіретін 4 жинақ жасалды. Жеткізу аптасына 1 рет тегін болады" делінген. ⠀ "Жеңіс күніне арналған біржолғы төлемдерді беруді бастаймыз. Соғыс ардагерлеріне 600 000 тг, марапатталған тыл еңбеккерлеріне 100 000 тг, ал марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне 42 500 тг береміз. ⠀ Қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді. Өскемен 200, Семей 202 шаршы аумаққа бөлінді. Коммуналдық және байланыс қызметтері үздіксіз жұмыс атқаратын болады", - деді Даниал Ахметов.