ОҚО-да тағы бір тұрғынға құтыру диагнозы қойылды. Созақ ауданының Қыземшек ауылының 14 жастағы тумасы 14 күннен бері аудандық ауруханада емделіп жатыр. Ақпан айының 4-і күні ауруханаға түскен қыз баланы бір ай бұрын көршісінің иті қапқан деп жазады Otyrar.kz.
Итті қыздың әкесі атып тастапты. Соған қарамастан ветеринарлар хайуанның басын зертханаға тапсырады. Бірақ, алғашқы сараптамалық қорытынды бойынша иттен құтыру ауруына қатысты белгілер анықталмаған. Толық сараптама 25 күннен кейін ғана нәтижесін береді.
Сондықтан, алдын ала қойылған диагнозды нақты деу әзірге ертерек дейді сала мамандары. Сондай-ақ, облыста құтыру ауруына қарсы тиісті егу жұмыстары толық жүргізілгенін айтты.