$ 442.05  474.14  4.74

«Көлік пен азаматтардың қозғалысын бақылау нашар жүргізілуде» - Бердібек Сапарбаев

«Әсіресе, Қырғыз Республикасымен шекарадағы Қарасу және Айша бибі өткізу пункттерінің жұмысын барынша ширату керек», - деді өңір басшысы.
фото: polisia.kz
фото: polisia.kz

Жамбыл облысының әкімдігінде бейнеселекторлық режимінде өткен облыстық жедел штаб отырысында коронавирустың таралуына жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы сараланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында Тараз қаласында карантин енгізілуіне байланысты қабылданған іс-шаралар барысын шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев мәлімдеді.

«Облыс орталығында карантин енгізілуіне байланысты жедел штаб құрылды. Оның құрамына полиция, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және басқа да қызметтердің өкілдері кірді. Қала периметрі бойынша 7 блокпост орнатылды. Олар қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Карантин кезінде барлық автокөлік түрлері мен азаматтардың қозғалуы, қоғамдық көлік қозғалысы шектелуде», - деп атап өтті қала басшысы.

Жиын барысында облыс әкімі мемлекеттік аумақтық және облыстық органдардың басшыларына бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

«Ең алдымен, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Бұл мақсатта газеттер мен телеарналарды ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік желілерді, басқа да мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Инфекцияның алдын алу бойынша брошюралар мен жадынамалар шығарып, жаппай тарату керек», - деп атап өтті ол.

Бердібек Сапарбаев тиісті сала басшыларына блокпосттардың жұмысын күшейтуді, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды тапсырды. Бекеттер бейнебақылау камераларымен, тиісті ғимараттармен жабдықталуы тиіс. Оларда кез келген адамдар емес, түрлі жағдайларда жедел әрі оң шешім қабылдай білетін, дұрыс әрекет ете білетін мамандар кезекшілік етуі тиіс.

«Статистика көрсеткендей, өңірдегі аталған дертке шалдыққандардың басым бөлігі – облысқа өзге өңірлерден келгендер. Осыған орай, блок-бекеттердегі жұмысты күшейту қажет. Кеше мен кейбір блок-бекеттерде болып, ондағы жұмыстардың өте әлсіз ұйымдастырылғанына көз жеткіздім.

Көлік пен азаматтардың қозғалысын бақылау нашар жүргізілуде, көбіне салғырт қаралуда. Мұндайға жол беруге болмайды. Әсіресе, Қырғыз Республикасымен шекарадағы Қарасу және Айша бибі өткізу пункттерінің жұмысын барынша ширату керек», - деді өңір басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары