07.04.2020, 10:20

Біртанов Қазақстандағы коронавирус жағдайына байланысты тың деректерді айтты

фото: sputniknews.kz
Кеше үш адам жасанды тыныс алу аппаратынан алынып, жағдайы жақсарды.

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі коронавирусқа қатысты жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі болғанда, елімізде қауіпті індетті 670 адам жұқтырған. Өткен тәулік бойынша жаңа 78 науқас тіркеліп, өсім деңгейі 13 пайыз болды. Тіркелген 78 науқастың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 2 науқас, Алматыда 3 науқас. Өткен тәулік бойынша басқа өңірлерде 73 жаңа науқас тіркеліп, өсім 29 пайыз болды. 

Ең үлкен өсім Қарағанды облысында (16), Ақмола облысында (19), Қызылорда облысында (13), Жамбыл облысында(12) байқалды. 

«Қазіргі кезде ең үлкен өсім өңірлерде байқалып отыр. Жалпы 6 науқас қайтыс болды. 46 науқас емделіп, шығарылды. Қазір науқастардың 20-сының жағдайы нашар. Жетеуі жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Кеше үш адам жасанды тыныс алу аппаратынан алынып, жағдайы жақсарды. Жағдайы орташа 88 науқас бар. Жеңіл жағдайда 510 науқас жатыр. Ел бойынша байланыста болған 19 112 адам бар. Олардың 97 пайызы табылып, оқшауланды», - деді Елжан Біртанов.