08.04.2020, 10:40

Төтенше жағдай кезінде берілетін 42 500 теңгеден банктер несие қарыздарын ұстап қала алмайды

фото: novostipmr.com/ru
Сот орындаушылар арест, тыйымдарды шешіп отырады.

Банктер мемлекет тағайындаған жәрдемақыдан несие қарыздарын ұстап қала алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Ол үшін  екінші деңгейлі қаржы ұйымдарына, жеке және мемлекеттік сот орындаушыларына  әлеуметтік төлемді алатындардың  есеп шоттарына қойылған шектеу шараларын алып тастау ұсынылды. Бұл – барлық шоттарға қатысты талап. Яғни, төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттің қаржылай қолдауына ешкім қол сұқпауы тиіс. 

Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем алушылардың құқығы қорғалады. Бұл табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 42500 теңге  жәрдемақы алатындарға да қатысты. Одан  бір тиын да несие жабуға ұсталмайды деген тапсырма бар. Екінші деңгейдегі банктердің бәріне осындай нұсқау берілген. Яғни, оларға азаматтардың есеп шотынан банк алдындағы қарызын ұстап қалуға қатаң тыйым салынды.  

"Әлеуметтік төлемдерді алуға арналған азаматтардың шоттарынан ақша ұстау фактілері  анықталған жағдайда банктер заңдық тұрғыдан жауапкершілікке тартылады. Халықтың алаңдауына негіз жоқ. Қаржы ұйымдары  жәрдемақыдан ешқандай төлем  ұстамайды", - дейді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департаментінің директоры Александр Терентьев. 

Мемлекеттік кірістер органдары әлеуметтік төлемдерді алушылардың шоттарына бұрын қойылған шектеулердің алып тасталғанын жеткізді. Олар  банкке борышкерлердің шотын бұғаттау туралы өкімін қайтарып алды. Бұл қадам азаматтардың жәрдемақыны толық көлемде алуы үшін жасалып отыр. 

"Бұл – мемлекеттің адамдарға берген көмегі. Оны ешқандай банк ала аламайды. Бұл шоттарға арест қойылмайды. Оған тыйым салынған", экономист Олжас Құдайбергенов. 

Ал есеп шоттар автоматты түрде шешілмесе, онда тұрғындарға сот орындаушылары көмекке келе алады. Жәрдемақыға бұғаттау мен инкассалық өкім қойылмасын деген тапсырма оларға да берілген. Атқарушылық істер жөніндегі базада борышкерлердің тізімі де бар. 

"Біз сот орындаушыларға әлеуметтік жәрдемақыны алатын азаматтардың тізімін бізге түскен бойда береміз. Сот орындаушылар арест, тыйымдарды шешіп отырады.  Олар сот орындаушыларына немесе жеке сот орындаушылар палатасына хабарласуы керек", - дейді аймақтық жеке сот орындаушылары палатасының басшысы Ерлан Оңтаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жағдайды қатаң бақылауға алды. Ведомство егер  жәрдемақыдан банк қандайда бір бір төлемді ұстап қалған жағдайда жедел желіге хабарласуын сұрайды.